Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ДОМБЫРА – ДАСТАН» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Амфитеатр» кешенінде Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – дастан» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев құттықтау сөз сөйлеп, домбыраның қазақ халқының руханиятындағы маңыздылығына тоқталды.

– Ұлттық мұраны ұлықтайтын бүгінгі шараның руханиятты дамытуға қосар үлесі мол. Домбыра – тек ұлттық аспап қана емес, ол елдің болмысын, жан-дүниесін, тарихын айшықтайтын ұлы мұра. Осы құндылығымызды қастерлеп, жанын серік еткен барлық қатысушыларға алғысымды білдіремін, – деді Ержан Ибадуллаұлы.

Кеш барысында сахна төрінде Сүгір Әлиұлының «Ыңғай төк», Абай Желдібаевтың «Ерке сылқым», Зейнеп Аласьяның «Ертұғырыл», Құрманғазының «Айжанқыз», «Адай», «Балбырауын» сияқты классикалық және халықтық күйлер орындалды. Көрермендер ұлттық аспаптың сиқырлы үніне тәнті болып, өнерпаздарды қошеметтеді. Сондай-ақ, «Тұмар», «Алқоңыр», «Түркістан» ансамбльдері мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында ашылған үйірмелердің шәкірттері өз орындаушылық шеберлігін көрсетті, домбыраның әрбір нотасы тыңдарман жүрегіне жетті.

Кеш барысында «Фараб» және «Самғау» би ансамбльдері сахнаның көркін ашып, ұлттық билердің көркемдігімен көрермендерді баурап алды. «Жайсаң дала», «Ақжелең», «Тұлғаларға туынды» сияқты шығармалар домбыра күйлерінің байлығын сездіріп, ұлттық мұраның үнемі жаңғыра беретінін дәлелдеді. Шараның ең шарықтау сәті – домбырашылар арасындағы күй тартысы болды, онда әрбір орындаушы өзінің шеберлігін ортаға салып, тыңдармандарға ерекше әсер сыйлады.

Кеш соңында барлық өнерпаздар мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы домбыра үйірмелерінің оқушылары қалың көрерменмен бірге «Балбырауын» күйін орындап, іс-шараны қуанышты финалмен қорытты. Көрермендер қол соғып, өнерпаздарға алғысын білдірді.

Айта кетейік, Түркістан облысында Ұлттық домбыра күніне орай бірқатар мәдени шаралар өткізілді. 30 маусым күні «Тұран даласының күйлері» қалалық күйішілер байқауы, «Достық» үйінде «Үкілі домбыра» фестивалі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 1 шілде күні Түркістан қаласы «Фараб» кітапханасында дәстүрлі «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы өтті. Республиканың әр аймағынан келген 25 өнерпаз бақ сынады. Аудан және қалаларда 100-ге жуық мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылып, ұлттық аспап мәдениетінің дамуына үлкен серпін берілді.

Бұл шаралар арқылы домбыраның тек музыкалық аспап қана емес, ұлттық сана мен руханияттың маңызды белгісі екенін жастарға үйрету, халық арасындағы мәдени дәстүрді жаңғырту және ұлттық өнерді дәріптеу басты мақсат ретінде алға қойылды. Түркістан облысы мәдениет басқармасы бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай дамытуға, домбыра өнерін насихаттап, жаңа таланттарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі.

Қатысты жаңалықтар

Ресейге тәуелді ел не болды, АҚШ-қа тәуелді ел не болды?

Bastynews

Музей қоры жаңа жәдігерлермен толығуда

Bastynews

«Кенже баланы артық көру дұрыс па?» – Дінтанушы ұл-қызына бөліп қарайтындарды қатаң сынға алды

Bastynews