Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МЕМЛЕКЕТ АТЫНАН МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Байдулла Оразбековтің қатысуымен елдің ертеңі – жас ұрпақты тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімдігінің өкілдері, әлеуметтік сала мамандары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Рәсім барысында аналардың отбасындағы, қоғамдағы және мемлекет алдындағы рөліне ерекше тоқталған Байдулла Оразбеков:

– Бүгін біз ел болашағын тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып келе жатқан асыл аналарымыздың еңбегін лайықты бағалап, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Алтын» және «Күміс» алқаларымен марапаттау мақсатында бас қосып отырмыз. Бұл – тек марапаттау шарасы ғана емес, сіздерге деген шынайы алғысымыздың, зор құрметіміздің белгісі. Ананың мейірімі мен төзімі – ұлттың баға жетпес байлығы, – деді.

Марапатталған аналардың арасында Түркістан қаласының әртүрлі ауданынан келген, төрт және одан да көп баласы бар аналар бар. Рәсім барысында «Алтын алқа» иегері атанған 1 098 ана мен «Күміс алқа» иегері 2 366 анаға құрмет көрсетіліп, олардың отбасы тәрбиесіне қосқан үлесі ерекше бағаланды. Сонымен қатар, 71 анаға «Батыр ана» атағы берілді, ал 95 ана І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталды.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында көпбалалы аналардың жалпы саны 15 739 адамды құрап отыр. Олардың ішінде 18 жасқа дейінгі төрт және одан да көп баласы бар аналардың саны 12 109 адамға жетіп, өңірдегі демографиялық өсім мен аналардың қоғамдық рөлін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Іс-шара барысында сондай-ақ аналардың әлеуметтік қорғау, білім және денсаулық сақтау салаларындағы қолдау шаралары да айтылды. Қала әкімдігі тарапынан көпбалалы аналарды материалдық, әлеуметтік және медициналық тұрғыдан қолдау мақсатында арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып, тұрғын үйге қол жеткізу, балаларды білім беру, медициналық қызметтермен қамтамасыз ету сияқты бағыттар жүйелі түрде жүргізілуде.

Марапаттау рәсімі аналардың еңбегін дәріптеу, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру және жас ұрпақты тәрбиелеуде үлгі болу мақсатында ұйымдастырылды. Қатысушылар шара соңында мерекелік концерт пен шығармашылық көріністерге куә болып, марапатталған аналарды шынайы алғыс пен құрметпен құттықтады.

Бұл іс-шара Түркістан қаласында аналарға деген құрмет пен қолдауды арттыру, олардың қоғамдағы рөлін насихаттау және демографиялық өсімді ынталандыру бағытындағы маңызды шаралардың бірі болып отыр.

Қатысты жаңалықтар

Шымкенттегі эпидемиологиялық ахуал қандай?

Bastynews

МИНИСТР ШЫМКЕНТТІҢ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

Bastynews

ШЫМКЕНТ: КАРАНТИН КЕЗІНДЕ 8 МЫҢНАН АСТАМ НЫСАНҒА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

Bastynews