Түркістан облысында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара дәстүрлі түрде жоғары деңгейде аталып өтті. Денсаулық сақтау саласының ардагерлері, үздік дәрігерлер, орта буын қызметкерлері мен аймақтағы барлық медициналық ұйымдардың өкілдері бас қосқан жиында ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерекше аталып, қоғам алдындағы жауапкершілік пен қызмет биігі кеңінен сөз болды.
Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып, медицина саласында еңбек етіп жүрген мыңдаған маманның қажырлы еңбегі – өңір халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды миссия екенін атап өтті. Ол өз сөзінде:
– Бүгінгі таңда дәрігерлердің кәсіби біліктілігі, адам өміріне деген жанашырлығы мен адалдығы – денсаулық сақтау жүйесінің негізгі тірегі. Барша медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, халық денсаулығын қорғаудағы ерен еңбектері үшін шынайы алғыс білдіремін, – деді.
Іс-шара барысында облыстың үздік дәрігерлері, фельдшерлері, медбикелері және сала ардагерлері түрлі марапаттармен марапатталды. Олардың қатарында «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бар. Сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов те медицина қызметкерлеріне жылы лебізін білдіріп, қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға ерекше құрмет көрсетті.
Соңғы жылдары Түркістан облысында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайып келеді. Тек 2024 жылдың өзінде:
- 55 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді;
- оның 49-ы – «Ауылдық денсаулық сақтау» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынды;
- 2 нысан дайын ғимараттарды сатып алу арқылы іске қосылды;
- 1 нысан жеке инвестиция есебінен бой көтерді;
- 3 нысан жергілікті бюджет арқылы салынды.
Сонымен қатар, тозығы жеткен 4 аудандық аурухана толық күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде тағы 4 ауруханада жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ал 2 жаңа медициналық нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланып отыр.
Облыста медициналық кадрлардың кәсіби деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда:
- 20 дәрігер Ресейдің Санкт-Петербург қаласында біліктілігін арттырды;
- шетелдік жоғары білікті мамандарды тарту арқылы 75 медицина қызметкері халықаралық деңгейде оқытылды;
- қосымша 200 жалпы тәжірибелік дәрігер,
- 190 орта буын медицина қызметкерін оқыту жұмыстары жоспарланған.
Бұл бастамалар өңірде білікті маман тапшылығын азайтып, заманауи медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған.
Салтанатты жиын соңында медицина саласының дамуына айрықша үлес қосқан ардагер дәрігерлерге құрмет көрсетіліп, арнайы сый-сияпаттар табысталды. Сонымен қатар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Үздік медицина қызметкері» байқауының жеңімпаздары да сахна төріне шақырылып, лайықты марапатқа ие болды.
Аймақтың денсаулық сақтау саласы жыл сайын жаңарып, кәсіби әлеуетін арттырып келеді. Бұл – ең алдымен адам өмірін сақтауды өзіне борыш санайтын ақ халатты абзал жандардың еңбегіне деген құрметтің айқын көрінісі.
