Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА БІРЛІКТІ НАСИХАТТАҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» мерекелік іс-шарасы өтті. Шара этномәдени бірлестіктердің ұлттық қолөнер бұйымдары, тағамдары, салт-дәстүр ерекшеліктері мен мәдени құндылықтарынан құралған көрмені тамашалаудан басталып, көпшілікке этностар мұрасын жақыннан тануға мүмкіндік берді.

Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, облыстық ҚХА жанындағы «Ел бірлігі» депутаттық тобы, облыстық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ Ассамблея жастары, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты.

Іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов сөз алып, еліміздегі этносаралық татулық пен бірліктің мемлекет тұрақтылығының негізгі тірегі екенін баса айтты. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық тарихы бірлік пен өзара құрмет қағидаттарына негізделген табысты саясаттың жемісі екенін атап өтті.

Өзбекстанның Алматы қаласындағы Консулдығының бірінші хатшысы Эркинжан Абдукоюмов Қазақстандағы бейбітшілік пен толеранттылық саясатына жоғары баға беріп, оның халықаралық қауымдастыққа үлгі болып отырғанын жеткізді. Қазақстан өзбектері «Достық» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов пен облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадир Ирисметов өз кезегінде бауырлас халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін айтып, жүрекжарды тілектерін білдірді.

Жиында этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, ел дамуына үлес қосқан бірқатар белсенді азаматтар Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл», «Қазақстан өзбектері “Дуслик” қауымдастығына 30 жыл» мерекелік медальдарымен, ҚХА-ның «Алғыс» төсбелгісімен, сондай-ақ ҚХА-ның, «Достық» қауымдастығының Алғыс хаттарымен, Түркістан облыстық мәслихатының Грамотасымен және облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Берекеге үндеген мерекелік іс-шара өңір өнерпаздары мен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары дайындаған кең көлемді гала-концертпен қорытындыланды. Концертте ұлттық әндер мен билер орындалып, түрлі этностардың мәдени ерекшеліктері көрерменге паш етілді.

Шара түркістандықтар үшін бейбітшілік пен достық құндылықтарын дәріптеудің, қоғамдағы бірлік пен келісім маңызын тағы бір айқындаудың маңызды алаңы болды.

Қатысты жаңалықтар

ЖАС ҰРПАҚТЫҢ БІЛІМДІ БОЛУЫ – ЕЛІМІЗДІҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Bastynews

Тиктокерлерді түлен түртті (видео)

Bastynews

Леңгірде Әл-Фарабидің алып суреті пайда болды

Bastynews