Ақпарат

БІРЫҢҒАЙ ВАУЧЕР ЖҮЙЕСІ ҚОҒАМ ТАЛҚЫСЫНДА

Шымкентте бірыңғай ваучер жүйесіне арналған ашық талқылау өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Олар пилоттық жобада туындап жатқан нақты мәселелерді ашық айтып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кездесуде жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның айтуынша, бұрын қосымша біліммен қамтылған балалардың саны көрсеткіш бойынша жоғары болғанымен, шын мәнінде үйірмеге барып жүрген балалар әлдеқайда аз. Мәселен, 5 500 бала тіркелгенімен, тек 4 000-дайы ғана нақты барған. Бұл – жалған тіркеудің болғанын көрсетеді. Енді жүйе автоматтандырылып, бақылау күшейді. Әр баланың қайда барып жүргені нақты көрінеді.

          Жиында Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар құрылымдық өзгерістерге де пікір білдірді. Бұған дейін қосымша білім беру ұйымдары бағытына қарай түрлі басқармаларға бөлініп келген болатын: мысалы, спорттық үйірмелер – спорт басқармасына, шығармашылық бағыттағы ұйымдар – мәдениет басқармасына қарайтын.

Сондай-ақ, жиында жалған тіркеуге қатысты мәселе көтерілді. Яғни бала үйірмеге бармаса да, тізімде болуы мүмкін. Жүйеде мұндай бұрмалаушылықтар болмас үшін қазір толық бақылау тетіктері енгізілуде. Атап айтқанда, электрондық платформа арқылы әрбір оқушының сабаққа қатысуы нақты есепке алынады.

          Кездесу барысында бірқатар ұсыныстар айтылды. Қосымша білім беру ұйымдарының басшылары әсіресе, ваучерлік жүйенің қаржылық мөлшерін қайта қарауды ұсынды. Яғни, кейбір бағыттарға бөлінетін сома үйірме өткізуге жеткіліксіз деген пікірлер болды. Сонымен қатар, ваучер алу процесін жеңілдету, платформаның техникалық тұрақтылығын арттыру, оқушылар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде ұсыныстар түсті.

          Қоғамдық кеңес мүшелері де бұл жүйені іске асыру барысында барлық тараптың пікірін ескеру қажет екенін атап өтті. Жаңа бастама балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беруі тиіс. Сондықтан жүйенің әділетті, ашық әрі икемді болғаны маңызды.

Сөз соңында Сәрсен Құранбек жаңа жүйенің артықшылықтарын, оның әлі де жетілдірілетінін айтты. Қоғам тарапынан түскен ұсыныстар назарға алынып, қосымша білім беру саласында әділ әрі тиімді орта қалыптастыру басты мақсат екені жеткізілді. Бастаманың негізгі өзегі – баланың мүддесі. Демек, әрбір шешім, әрбір өзгеріс осы қағидатқа негізделуі тиіс.

Қатысты жаңалықтар

«Ұн қатты қымбаттап кетті» – тұрғындар неге алаңдауды?

Bastynews

“Қайнарбулақ” подключён к природному газу

bastynews

#ШЫМКЕНТ_ЖЕТІСТІКТЕРІ_2024

bastynews