Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ЖАҢА ОРТАЛЫҒЫ

Түркістан облысында соңғы жылдары инвестициялық ахуал жақсарып, шетелдік бизнес үшін ыңғайлы орта қалыптасуда. Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизидің аймаққа сапары осы үрдісті одан әрі нығайтуға бағытталды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен өткен кездесу барысында өңірдің экономикалық мүмкіндіктері, жаңа жобалар мен болашақтағы ынтымақтастық тетіктері жан-жақты талқыланды. Әкім Түркістан облысының географиялық орналасуы, халықаралық көлік дәліздері мен экспорттық әлеуеті инвесторлар үшін зор мүмкіндік екенін атап өтті.

Түркістан – тарихи-мәдени орталық қана емес, ауыл шаруашылығы өнімдеріне бай, өндірістік қуаты артып келе жатқан өңір. Ауған делегациясының ерекше қызығушылығы — агроөнеркәсіп кешені, оның ішінде өнімдерді қайта өңдеу және экспортқа бағдарланған өндірістер.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда байланыстары тұрақты өсімді көрсетіп келеді. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығындағы 278 млн долларлық тауар айналымы — өзара тиімді экономикалық қатынастың айқын дәлелі. Қазақстанның экспортында бидай мен ұн басым үлеске ие болса, құрылыс материалдары мен мұнай өнімдеріне де сұраныс жоғары.

Түркістан облысында инвесторлар үшін жасалған жеңілдіктер – өңірдің бәсекелестік артықшылығы. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақтарда:

  • инфрақұрылым толық дайын,
  • жер телімдері қолжетімді,
  • салықтық жеңілдіктер қарастырылған,
  • логистикалық бағыттар кеңейтілген.

Бұл артықшылықтарды тиімді пайдаланған Ауғанстанның «Талифа» компаниясы өңірде көкөніс, жеміс-жидек және майлы дақылдарды қайта өңдейтін заманауи зауыт салу жұмыстарын бастады. Жоба жүзеге асқанда жаңа жұмыс орындары ашылып, Түркістан өнімдерінің экспорт көлемі еселеп артады.

Ауғанстан министрінің сапары тек экономикалық мүддемен шектелген жоқ. Тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы әріптестікті кеңейту, тарихи байланыстарды нығайту мәселелерін де талқылады. Бұл өңірдің халықаралық байланыстарының жан-жақты дамуына жол ашады.

Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы күн санап артуда. Инфрақұрылымы дамыған, логистикалық мүмкіндігі жоғары, мәдени және рухани әлеуеті зор өңір халықаралық әріптестік орталығына айналып келеді. Ауғанстан тарапымен жасалған уағдаластықтар осы бағыттағы жұмыстың жаңа кезеңін бастайды.

Қатысты жаңалықтар

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСІ МЕН КИБЕРҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ МІНДЕТ

bastynews

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ИНСТИТУТТАРЫН НЫҒАЙТУ- ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫ

Bastynews

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ШАҒЫН СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫНЫҢ САНЫ АРТАДЫ

Bastynews