Түркістан облысында соңғы жылдары халықты табиғи газбен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл – тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Аталған игіліктің нақты нәтижесі ретінде Жетісай ауданында тек бір апта ішінде үш елді мекен көгілдір отынға қосылып, тұрғындардың көптен күткен қуанышы еселене түсті.
Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты С.Сейфуллин елді мекені «25 қазан – Республика күні» қарсаңында газ жүйесіне қосылып, 2055 тұрғыны бар аймақ үшін тарихи күн болды. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жалпы құны 414,4 млн теңгені құрайтын нысанның құрылысы 2024–2025 жылдары толық аяқталды. «РемСтрой» ЖШС жүргізген жұмыстар нәтижесінде ұзындығы 21,7 шақырым газ құбыры тартылып, 269 үйге газ жететін болды.
Салтанатты шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, «QazaqGazAimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев, аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков және жауапты сала басшылары қатысты. Аудан әкімі өз сөзінде округте атқарылған жұмыстарды тарқата баяндап, инфрақұрылымдық жобалардың жалғасатынын айтты.
– Биыл округ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жобаларды іске асырдық. Бәйтерек ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Жазықсай елді мекенінен су құбырын тарттық. Сонымен қатар Жүзтерек көшесіне орта жөндеу жүргізілді. Үтіртөбе елді мекеніндегі жаңа ұңғымадан алынған суға СЭС оң қорытынды берді. Қазір бұл ұңғыманы елді мекеннің су жүйесіне қосу жұмыстары атқарылуда, – деді Серік Мамытов.
Әкім атап өткендей, Сейфуллин ауылына газ берілуі – соңғы аптаның ішінде газға қосылған үшінші нысан. Бұл өңірдегі газдандыру қарқынының жоғары екенін дәлелдейді.
Сонымен қатар округке қарасты Арай, Абай, Жаңа дәуір елді мекендерінде де бірқатар әлеуметтік нысандар жаңартылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда. Арайда ойын алаңы мен саябақты күтіп-баптау жұмыстары жүріп жатса, Абай ауылындағы Ырысты көшесіне аяқжол салу басталған. Ал Жаңа дәуір елді мекенінде жаңа футбол алаңы салынып, жастарға арналған спорт мүмкіндіктері кеңейді.
Түркістан облысында газдандыру жобалары жыл санап артып келеді. Мақсат – облыс халқын толық газбен қамту және ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту. Жетісай ауданындағы қарқынды жұмыс осы бағыттағы оң нәтижелердің айқын көрінісі.
