Түркістан облысына Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизидің ресми сапары екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың жаңа кезеңін бастауға ықпал етті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен өткен кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды кеңейтуге бағытталған маңызды мәселелерді талқылады.
Жиында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, логистика, туризм және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктері сараланды.
Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров Түркістанның тарихи және стратегиялық маңыздылығын атап өтті:
– Қазақстан мен Ауғанстанды тарихи тамырластық пен өзара құрмет байланыстырады. Түркістан – тек еліміздің емес, күллі түркі әлемінің рухани орталығы. Біз түрлі елдермен достық қатынасты нығайтып, өзара тиімді экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделіміз. Нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Ауғанстан министрі Нуриддин Азизи Қазақстанмен, әсіресе Түркістан облысымен әріптестік орнатудың маңыздылығын атап, өңірдің инфрақұрылымдық және өндірістік әлеуетіне жоғары баға берді.
Кездесу нәтижесінде тараптар:
- бірлескен инвестициялық жобаларды қарастыру,
- сауда байланыстарын ұлғайту,
- мәдени және гуманитарлық бағыттағы әріптестікті тереңдету жөнінде уағдаласты.
Қазақстан үшін Ауғанстан — ірі сауда серіктестерінің бірі. Соңғы жылдары қос мемлекеттің тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келеді. 2025 жылдың алғашқы 8 айында өзара сауда көлемі 278 млн АҚШ долларына жетіп, оның 6,2%-ы Түркістан облысының үлесінде болды. Негізгі экспорт тауарлары — бидай, ұн, азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, металл және мұнай өнімдері.
Түркістан облысында шетелдік инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Арнайы экономикалық аймақтар (1400 гектар) және 2400 гектарға жайғасқан 20 индустриалды аймақ заманауи инфрақұрылыммен қамтылған. Мұнда салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, инженерлік желілер қолжетімді.
Қазіргі таңда Ауғанстанның «Талифа» компаниясы облыста кептірілген жемістер, көкөністер мен майлы дақылдарды өңдеу зауытының құрылысын бастап кетті. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттырып, өңір экономикасына жаңа серпін береді.
Бұл сапар екіжақты ынтымақтастықтың дамуында маңызды кезең болып, Орталық Азиядағы сауда және инвестициялық байланыстардың кеңеюіне тың мүмкіндіктер ашты.
