Шымкент қаласында ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың қолдауымен және «Бәйтерек» жастар ұйымы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қарттары бар елдің қазынасы бар» атты әлеуметтік жоба аясында жастар мен ардагерлердің кездесу іс-шарасы өтті. Бұл бастама жастар мен аға буын өкілдерін бір ортаға жинап, тәжірибе алмасуға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған.
Кездесуге Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы К.А. Төлебаев, М.Сапарбаев институтының «Парасат» колледжінің студенттері, оқу орнының басшылығы мен оқытушылар қатысты. Іс-шара барысында ардагерлер өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға өнеге ретінде даналық сөздер айтып, өмірлік құндылықтар туралы ой қозғады.
К.А. Төлебаев пен ардагерлер жастарға еліміздің тәуелсіздігі жолында атқарған еңбектерін баяндап, Отанға адал қызмет ету мен ұлттық құндылықтарды сақтау маңыздылығы жайлы айтты. Өз кезегінде студенттер аға буын өкілдеріне сұрақтар қойып, олардың жауаптарын қызығушылықпен тыңдады. Ардагерлер өздерінің бай тәжірибесін жастарға жеткізе отырып, өмірлік қиындықтарды жеңудің, табандылық пен жігерліктің маңыздылығын түсіндірді.
Мұндай іс-шаралар жастарға аға буынның үлгісімен дұрыс бағытта өмір сүруге және ұлттық құндылықтарды сақтауға көмектеседі. Жоба арқылы жас ұрпақ ардагерлердің өмірлік тәжірибесін үлгі тұтып, Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті бойларына сіңіреді.
Кездесу соңында колледж студенттері ардагерлерге алғыстарын білдіріп, олардың өнегелі өмір жолынан көп нәрсе үйренгендерін атап өтті. Іс-шара алдағы уақытта да жалғасып, жастар мен ардагерлер арасындағы байланыс одан әрі нығая түспек.