Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданының Шәуілдір ауылында орын алған төтенше жағдайдан кейін арнайы барып, газ жүйесіндегі жарылыстан зақымданған көпқабатты тұрғын үйдің қазіргі жағдайымен танысты. 12 пәтерден тұратын бұл үйдің бір бөлігі қатты бүлініп, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін толықтай эвакуацияланған болатын.
Жарылыс кезінде ғимарат ішінде 7 адам болған. Құтқарушылар оларды дер кезінде қауіпсіз жерге шығарып, алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсеткен. Қазір тұрғындардың көпшілігі туыстарының үйлеріне уақытша орналастырылды. Зардап шеккендердің өміріне төнген қауіп жоқ. Алайда бір әйел адамның алған жарақатына байланысты ауруханада ем қабылдап жатқаны анықталды. Дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстап отыр.
Оқиға орнында болған облыс басшысы тиісті мекемелерге апат салдарын жою жұмыстарын жеделдетуді, зақымданған үйді қайта қалпына келтіру бойынша барлық техникалық процестерді қатаң бақылауда жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету, қажет материалдық көмек беру және оларды уақытша орналастыру мәселесін толық шешуді міндеттеді.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары, газ қызметі және авариялық-құтқару топтары жарылыстың себептерін анықтау бағытында бірлескен тексеріс жүргізіп жатыр. Алдын ала болжамға сәйкес, жарылыс газ жүйесіндегі ақаудан туындауы мүмкін, алайда нақты себеп сараптамалық қорытындыдан кейін белгілі болмақ. Осыған байланысты мамандар үйдің барлық коммуникациялық жүйесін жіті тексеріп, қайта қосу жұмыстарын тек толық қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіргеннен кейін ғана жүзеге асырады.
Алдағы күндері зақымданған тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталады. Мамандар ғимараттың құрылымдық беріктігін, тіреуіш қабырғалардың жағдайын, инженерлік-коммуникациялық жүйелерді толық зерттеуде. Сараптама нәтижелері бойынша жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, үйдің ішкі және сыртқы бөлігі толық қалпына келтіріледі. Жөндеу аяқталған соң, тұрғындар өз пәтерлеріне қайта оралу мүмкіндігіне ие болады.
Өңір басшысы жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдап, жағдайдың облыс әкімдігі тарапынан толық бақылауда екенін атап өтті. Сонымен бірге осындай төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудан аумағындағы барлық газ нысандарын, көпқабатты үйлердің ішкі газ жүйелерін кешенді тексеруден өткізу жөнінде тапсырма берілді.
Әкімнің айтуынша, бұл оқиға қатаң бақылауда, зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша арнайы штаб құрылып, барлық мемлекеттік құрылымдар бірлесе жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімдігі тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайын басты назарда ұстайтынын мәлімдеді.
