Басты жаңалықтар

ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ ДӘУІРІ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – БОЛАШАҚТЫҢ КІЛТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында цифрлық даму мен жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын ұлттық деңгейде ілгерілетудің стратегиялық маңыздылығын айқындап берді. Президенттің пайымынша, ЖИ – тек экономикалық өсудің емес, сонымен қатар мемлекеттің технологиялық тәуелсіздігі мен адами капиталын дамытудың шешуші факторы.

Осыған байланысты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Жасанды интеллект және цифрлық даму – ұлттық идея» тақырыбында студенттермен мазмұнды кездесу өтті. Шараның негізгі мақсаты – студент жастардың цифрлық құзыреттілігін арттыру, ЖИ саласындағы жаһандық үрдістермен таныстыру және болашақ ІТ мамандардың кәсіби бағдарын айқындауға ықпал ету.

Кездесуге «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектебінің «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» кафедрасының доценті, техникалық ғылымдар магистрі Нұрлыбек Жұматаев арнайы шақырылды. Ол студенттерге ЖИ технологияларының эволюциясы, машиналық оқыту (machine learning), тереңдетіп оқыту (deep learning), табиғи тілді өңдеу (NLP), үлкен деректер (big data) және нейрондық желілер (neural networks) сынды заманауи құралдары жайында кең ауқымды ғылыми-танымдық ақпарат ұсынды.

Кездесу барысында спикер жасанды интеллекттің тек ІТ саласындағы емес, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп, энергетика және мемлекеттік басқару сияқты экономиканың түрлі секторларындағы қолдану аясын нақты мысалдармен түсіндірді. Ол цифрлық экономиканың негізі саналатын ЖИ технологиялары адами еңбекті автоматтандыруға, шешім қабылдау процесін оңтайландыруға, әрі деректерге негізделген басқару мәдениетін қалыптастыруға жол ашатынын атап өтті.

Нұрлыбек Жұматаев қазіргі заманда ЖИ-ді меңгеру – бәсекеге қабілетті маманның басты артықшылығы екенін, ал алгоритмдік ойлау, бағдарламалау және деректерді аналитикалық тұрғыда өңдеу қабілеттері – цифрлық сауаттылықтың жаңа стандарттарына айналғанын баса айтты. Сонымен қатар, ол студенттерді тек тұтынушы ғана емес, технологияны жасаушы ретінде қалыптасуға, open-source платформалармен жұмыс істеуге, нейрожелілерді оқытуға және стартап экожүйесіне белсенді араласуға шақырды.

Кездесу соңында қатысушылар ЖИ-дің этикалық аспектілері, жасанды интеллект пен адам арасындағы өзара ықпалдастық, дербестік және деректер қауіпсіздігі секілді маңызды мәселелер төңірегінде пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарына кәсіби жауаптар алды.

Бұл іс-шара студенттердің технологиялық ойлау көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, оларды еліміздің цифрлық болашағын құру жолындағы жауапты миссияға жұмылдыруға бағытталды. Университет алдағы уақытта да ЖИ мен цифрлық трансформация тақырыптарындағы білім беру бастамаларын жалғастырып, жас ұрпақты инновациялық даму траекториясына бағыттауды көздеп отыр.

Қатысты жаңалықтар

Бейрутта тағы бір жойқын жарылыс болды: қаза тапқандар бар (Видео)

Bastynews

Новые квартиры вместо аварийных домов: В Шымкенте вручили ключи новоселам

bastynews

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Полиция күнімен құттықтауы

bastynews