2025 жылы Мирас университетінің ұйымдастыруымен өткен «Өз ісі – 2025» VIII Халықаралық стартап-жобалар байқауы нәтижелі аяқталды. Бұл байқау – жас кәсіпкерлер мен жаңашыл идея иелерінің басын қосатын, олардың жобаларын көпшілік алдында таныстырып, даму жолында қолдау табуға мүмкіндік беретін ауқымды алаң.
Аталған халықаралық деңгейдегі додаға Орталық Азия Инновациялық университетінің 3-курс студенті Жақсылық Бекарыс Бауыржанұлы да қатысып, өз стартап жобасымен ақтық кезеңге өтіп, «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Бекарыс – «Техника және ақпараттық технологиялар» кафедрасына қарасты 6В06103 – «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының білім алушысы.
Жас өнертапқыштың ұсынған жобасы – заманауи IT шешімдерге негізделген, нақты әлеуметтік немесе техникалық мәселені тиімді шешуге бағытталған жаңашыл бастама. Оның идеясы көрермендер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, ең көп дауыс жинап, арнайы марапатқа ие болды. «Көрермен көзайымы» атағы – тың жобаның өзектілігі мен практикалық маңызын айқындайды. Сонымен қатар, Бекарыс байқау аясында қаржылай сыйлықпен марапатталып, өз жобасын әрі қарай дамытуға нақты қолдау алды.
«Өз ісі – 2025» байқауы бірнеше бағыттар бойынша ұйымдастырылып, қатысушылардың кәсіпкерлік бастамалары, жобаны іске асырудың тиімділігі, инновациялық мазмұны мен әлеуметтік маңызы жан-жақты бағаланды. Жобаларға кәсіби сарапшылар мен бизнес-кеңесшілерден құралған қазылар алқасы әділ бағасын берді. Ақтық кезеңде қатысушылар өз жобаларын көпшілік алдында қорғап, пікірталасқа қатысып, сұрақтарға жауап берді.
Айта кету керек, қазіргі таңда Орталық Азия Инновациялық университетінде студенттік стартаптарды қолдау бағытында бірқатар бастамалар қолға алынған. Атап айтқанда, ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту, бизнес-инкубаторларды құру, кәсіптік бағдар беру, стартап форумдар мен хакатондарға қатысуға жағдай жасау — осының айғағы.
Жақсылық Бекарыс – болашағынан зор үміт күттіретін жас IT-маман. Оның идеялары мен жобалары тек оқу орны ішінде ғана емес, республика деңгейінде де сұранысқа ие болатынына сенім мол. Ол – тың идеяларды жүзеге асыру арқылы ел дамуына үлес қосуды мақсат еткен білімді, ізденімпаз студенттердің жарқын өкілі.
Университет ұжымы Бекарыс Бауыржанұлын лайықты жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс пен жаңа ғылыми жетістіктер тілейді. Мұндай жеңістер – студенттерге шабыт, ал оқу ордасына үлкен мәртебе екені анық.