Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегациясы Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барып, Самарқанд облысының өкілдерімен туризмді бірлесе дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысында екі өңір арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған Меморандумға қол қойылды. Құжат аясында туризм, мәдениет, білім және инвестиция салаларында бірлескен жобаларды іске асыру жоспарланды. Сонымен қатар, Меморандум өңіраралық туристік маршруттарды дамыту, туристік инфрақұрылымды жақсарту, ортақ турөнімдер жасау және туристер алмасу бойынша нақты іс-шараларды қарастырады.
Түркістан мен Самарқанд өңірлері ортақ тарихи және мәдени мұраға ие. Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда, ғылым мен өнер байланыстары бүгінгі туризмге жаңа серпін беруде. Нұралхан Көшеров өз сөзінде туристік бағыттарды біріктіріп, ортақ турөнімдер әзірлеу, қолөнер мен гастрономиялық фестивальдер ұйымдастыру арқылы өңірлердің әлеуетін арттыруға болатындығын атап өтті. Сонымен қатар, өңірлердің тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныстыру, туристік брендтерді қалыптастыру және заманауи маркетингтік тәсілдерді енгізу қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Сапар барысында делегация Самарқандтағы Туризм академиясында жергілікті туроператорлармен кездесті, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады. Сондай-ақ, «Silk Road Samarkand» туристік кешенінің қызметімен танысып, туристік инфрақұрылымның сапасын арттыру бойынша тәжірибе зерттелді. Бұл тәжірибелер Түркістан облысында туристік қызмет көрсету стандарттарын жетілдіруге, экскурсиялық маршруттарды кеңейтуге және туристер үшін жаңа сервистерді енгізуге мүмкіндік береді.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына келген туристер саны 830 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті. Оның ішінде Өзбекстаннан келетін туристер саны 12,5 мыңнан 26 мыңға дейін артты, бұл шекаралас өңірлер арасындағы туристік байланыстың нығайғанын көрсетеді. Сонымен қатар, ішкі туристердің саны да өсіп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға қосымша мүмкіндік туды.
Алдағы кезеңде Түркістан мен Самарқанд арасындағы туристік ынтымақтастық ортақ маркетингтік кампаниялар, фестивальдер, халықаралық туристік көрмелер және туристік маршруттарды цифрландыру жобалары арқылы одан әрі дамытылатын болады. Бұл шаралар өңірлердің халықаралық деңгейде туристік имиджін арттырып, туристік ағымды тұрақты етуге ықпал етеді.
