Түркістан облысының өкілдері Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, өңірдің өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетін арттыру, жаңа серіктестіктерді дамыту және халықаралық тәжірибе алмасу мақсатында бірқатар маңызды іс-шаралар өткізді. Делегация құрамын Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев басқарды, сапар барысында Таншань қаласындағы ірі өндіріс орындарына барып, олардың жұмыс барысымен жан-жақты танысты.
Сапардың басты кезеңдерінің бірі – Tanshan Huating PoreelainCo 6 LTD компаниясының жұмысымен танысу болды. Делегация мал сүйектерін өңдеу арқылы май және желатин компоненттерін өндіру өндірісін зерделеді. Бұл тәжірибе Түркістан облысында мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуді жетілдіруге, қосымша құн қосуға, өңдеуші кәсіпорындарды дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, алынған тәжірибе өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін модернизациялауда маңызды үлес қосады.
Сапар барысында делегация Chenlong компаниясында жасанды интеллект негізінде басқарылатын дрондар өндірісімен танысты, сондай-ақ авто-мектеп жұмысымен танысып, жаңа технологияларды жергілікті өндіріс пен білім беру саласында енгізу жолдарын зерделеді. Бұл тәжірибе Түркістан облысында заманауи технологияларды қолдану арқылы өнеркәсіптік өндірісті жаңғыртуға жол ашады.
Сонымен қатар, Tangan компаниясының машина жасау өндірісі, төтенше жағдайларға арналған жабдықтар шығару орталығының қызметі жан-жақты қаралды. Бұл орталық жыл сайын 60 мыңнан астам арнайы жабдық шығарады. Энергетикалық бағытта қалдықтарды өртеу арқылы электр қуатын өндіретін компанияның тәжірибесі энергияның баламалы көздерін тиімді пайдалануға үлгі болды, бұл өңірде экологиялық тұрақты өндіріс жобаларын енгізуге мүмкіндік береді.
Сапар барысында екі ел арасындағы экономикалық және технологиялық байланыстар тереңдеді, жаңа инвестициялық жобалар мен серіктестік бағыттары нақтыланды. Бұған дейін Ордабасы ауданы мен Tanshan Huating PoreelainCo 6 LTD арасында меморандум жасалып, жер телімі бөлініп, инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары басталған. Жобаның кезең-кезеңімен іске асырылуы инвесторға және өңірге ұзақ мерзімді тиімділік әкеледі деп күтілуде.
Бұл іссапар Түркістан облысына бірнеше стратегиялық артықшылық береді: инновациялық технологияларды енгізу, өндіріс қуатын арттыру, халықаралық серіктестіктерді кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттыру және аймақ экономикасының тұрақты дамуына ықпал ету. Алдағы кезеңде алынған тәжірибелер өңірде инновациялық өндірістерді ұйымдастыруға, еңбек нарығын кеңейтуге, сондай-ақ Түркістан облысының халықаралық инвестициялық имиджін күшейтуге бағытталады.
Сапардың нәтижелері Түркістан мен Қытай арасындағы экономикалық, ғылыми-техникалық және индустриалды ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, өңірдің индустриалды-инвестициялық әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл шаралар облыстың ұзақ мерзімді стратегиялық дамуында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
