Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Көлкент елді мекенінде табиғи газбен жабдықтау жүйесі толық іске қосылып, ауыл тұрғындары көптен күткен қуанышқа қол жеткізді. Көгілдір отынға қосу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл халқымен жүздесіп, құттықтау лебізін білдірді.
Аймақ басшысы өз сөзінде Көлкент ауылының газбен қамтылуы өңірдің инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам екенін атап өтті:
– Ауылдың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір елді мекен газбен қамтылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдарды дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берген. Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгін Көлкент ауылындағы газ желілерінің құрылысы аяқталып, 3 мыңға жуық абонент көгілдір отынға қосылды. Бұл – әр отбасы үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ауылдың экологиялық ахуалын жақсартатын маңызды бастама. Көлкенттің тұрғындары еңбекқор, кәсіпкерлікке бейім қауым. Газдың келуі жергілікті бизнестің дамуына да зор серпін береді, – деді облыс әкімі.
Газдандыру көрсеткіші өсіп келеді
Сайрам ауданында 42 елді мекеннің 37-сі табиғи газға қосылған. Бұл – жалпы қамту деңгейінің 88 пайызға жеткенін білдіреді. Жыл соңына дейін аудан бойынша көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл – аудан тарихында алғаш рет толық газдандыру деңгейіне қол жеткізу деген сөз.
Өңірдегі газдандыру жұмыстарының ауқымы
Түркістан облысы бойынша елді мекендерді газбен қамту жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2025 жылға облыста 80 жобаға қаржы бөлінген.
- Биыл жоспарланған 46 нысанның 37-сі іске қосылды.
- Қалған 9 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Жыл қорытындысы бойынша:
- Қосымша 43 елді мекен,
- 73 мың тұрғын табиғи газға қосылмақ.
Нәтижесінде, Түркістан облысының жалпы газдандыру деңгейі 75 пайызға дейін өседі.
2027 жылға дейінгі жоспар
Облыста 2027 жылға дейін газдандырудың кешенді іс-шара жоспары бекітілген. Осы жоспарға сәйкес:
- Газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу,
- Инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа тарату желілерін салу,
- Қосымша ондаған мың тұрғынды табиғи газбен қамту көзделген.
Көлкент тұрғындары үшін жаңа мүмкіндік
Көлкент елді мекенінің газға қосылуы — тек тұрмыстық қолайлылық қана емес, ауылдың экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды қадам. Газдандыру:
- әлеуметтік нысандардың жұмысын жеңілдетеді,
- кәсіпкерлік белсенділікке серпін береді (наубайхана, жылыжай, шағын өндірістер),
- отын шығынын азайтады,
- экологияға зиянды әсерді төмендетеді.
Жаңа нысанның іске қосылуы Көлкент ауылының дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Облыс басшылығы ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың жалғаса беретінін атап өтті.
