Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі шаралар жалғасын табуда. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету.
Осындай ауқымды жобалардың бірі Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде іске асырылып жатыр. Мұнда жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын шағын өндірістік парк құрылып, түрлі бағыттағы өндіріс орындарын іске қосу қарастырылған.
5 жаңа өндіріс орны ашылады
Құны 210 млн теңгені құрайтын жоба аясында төмендегі өндіріс орындары іске қосылады:
- түйіршіктелген құрама жем өндіру,
- темір бұйымдарын дәнекерлеу,
- құрғақ құрылыс қоспаларын шығару,
- құрғақ және сұйық ұнтақ, кір сабын, сусабын өндірісі,
- әжетхана қағазы мен қағаз майлықтар өндіру.
Жоба жүзеге асқанда 100-ге тарта жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл аудан халқының табысын арттырып қана қоймай, Жетісайдың өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді.
Инвесторларға қолдау көрсетіледі
Аудан әкімі Серік Мамытов өндірістік паркте жүзеге асатын жобалар туралы айта келе, кәсіп ашуға ниетті инвесторларға заң аясында барлық қолдау көрсетілетінін жеткізді:
– Белгіленген жоспарға сай өндірістік паркте 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ауданда жаңадан салынып жатқан индустриялды аймақ пен шағын өндірістік паркті тиімді пайдалану, жаңа өндіріс орындарын ашу экономикалық дамуымыз үшін өте маңызды. Асықата кенті мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтерінің әлеуеті жоғары. Инвесторлар үшін инфрақұрылымдық және әкімшілік тұрғыдан қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміз, – деді аудан әкімі.
Ауданның инвестициялық әлеуеті артуда
Соңғы 5 жылда Жетісай ауданына 90,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл – өңірдің бизнес жүргізуге қолайлы аймақ екенін және инвесторлар қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді.
Алдағы жылдары іске қосылатын индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк ауданда жаңа кәсіпорындардың ашылуына, өңдеу өнеркәсібінің дамуына және кәсіпкерліктің кеңеюіне жол ашады.
Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай Жетісай ауданына тартылатын инвестиция көлемін 419,6 млрд теңгеге жеткізу көзделген. Бұл аудан экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, жергілікті тұрғындарға қолайлы жұмыс мүмкіндіктерін ұсынады.
Жоба нәтижесі
Асықата кентіндегі жаңа өндіріс орындары:
- өңірдің индустриялық күшін арттырады,
- импортты алмастыратын өнім түрлерін көбейтеді,
- кәсіпкерлік белсенділігін арттырады,
- жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Жетісай ауданы осылайша мақталы өңір ретіндегі аграрлық бағытпен қатар, өндірістік аймаққа айналуға қадам жасап келеді.
