Елімізде 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтар жылы ретінде жарияланып, бұл бастама аясында түрлі бағыттағы мазмұнды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Осы ретте, Шымкент қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде «Жеңіл өнеркәсіп мамандарын даярлаудың инновациялық әдістері» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Аталған шара Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылдың 23 желтоқсанындағы №6676 қаулысымен бекітілген жұмыс жоспары негізінде ұйымдастырылып, жеңіл өнеркәсіп саласындағы техникалық және кәсіптік білім берудің өзекті мәселелерін көтерген республикалық деңгейдегі тәжірибе алаңына айналды. Семинарға ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілдері, қалалық білім басқармасы, әдістемелік орталық, сондай-ақ Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының салалық сарапшылары қатысты.
Семинар барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жаңа технологияларды енгізу, дуальды оқыту үлгісін жетілдіру, өндіріс пен білім арасындағы байланысты күшейту мәселелері кеңінен сөз болды. Бұл — ғылым мен практиканы ұштастыру арқылы еңбек нарығына бәсекеге қабілетті, сапалы маман даярлаудың нақты жолы екенін көрсетті.
Семинардың екінші бөлімінде қатысушылар арнайы экономикалық аймақта орналасқан өндірістік базаға барып, тәжірибелі мамандардың шеберлік сағаттарына қатысты. Мұндай іс-шаралар жастардың кәсіби бағдарын қалыптастыруға, олардың еңбекке бейімделуіне, нақты мамандықты дұрыс таңдауға жол ашады. Сонымен қатар, кәсіби білім беруде практикалық тәжірибенің маңыздылығын айқындап берді.
Айта кету керек, Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде инклюзивті білім беру жүйесі табысты жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, есту қабілеті бұзылған ІІ топтағы мүгедек балаларға арнап арнайы білім беру бағдарламалары енгізіліп, кәсіби оқытудың қолжетімділігі қамтамасыз етілуде. Бұл — қоғамда білім мен кәсіптің тең мүмкіндіктер арқылы дамуына жасалған нақты қадам.
Семинар қорытындысында «Оңтүстік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары М. Кушеров сөз сөйлеп, өңірлік жеңіл өнеркәсіп құзыреттілік орталығының жұмысы туралы баяндады. Ол дуальды оқыту жүйесінің, кәсіпорындардың нақты сұранысы негізінде мақсатты оқытудың тиімділігіне тоқталып, өндіріс пен білім беру жүйесінің тығыз байланысы жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудағы басты фактор екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп – экономиканың маңызды салаларының бірі ғана емес, сонымен қатар жаңа технологиялар мен инновацияны қажет ететін сала. Осы бағытта жүргізіліп жатқан семинарлар мен тәжірибе алмасу алаңдары кәсіби білім беру жүйесін жаңғыртуға, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге және еңбек нарығы талаптарына сай кадрлар дайындауға мүмкіндік береді.
