Басты жаңалықтар

МЕГАПОЛИСТЕГІ БІЛІМ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ШЫМКЕНТТЕ ӘДІСТЕМЕЛІК-ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

Цифрлық трансформация үдерісі қарқынды жүріп жатқан заманауи мегаполис – Шымкент қаласында білім беру саласының жаңғыруы, әсіресе жасанды интеллект дәуіріндегі тәрбиелік және рухани құндылықтардың сабақтастығы ерекше маңызға ие. Осы бағытта Шымкент қаласы Жол-көлік колледжінде қалалық білім басқармасының жанындағы Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект және тәлімді тәрбие» тақырыбында аудандық деңгейдегі әдістемелік семинар өтті.

Іс-шараға Тұран ауданына қарасты білім беру ұйымдарының бірінші басшылары, тәжірибелі ардагер педагогтер, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысты. Семинардың модераторы – қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Төлебаев.

Семинар жұмысы Ардагерлер кеңесінің ардақты төрағасы Т. Үсіпбековтің құттықтау сөзімен ашылып, іс-шара екі бағытта: «Рухани-танымдық» және «Әдістемелік-тәжірибелік» бағыттар бойынша жалғасын тапты. Бұл құрылым жас ұрпақтың цифрлық дәуірде адами капиталды сақтап, білім мен тәрбиені үйлестіре алатын зияткер азамат болып қалыптасуына негіз боларлық маңызды дискурсты алға тартты.

Семинар аясында Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Б. Найманбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы басым бағыттарға шолу жасап, білім беру жүйесіндегі жасанды интеллектті интеграциялау, адами әлеуетті дамыту және тәрбие жұмыстарының жаңа форматтарын ұсыну туралы мазмұнды баяндама жасады.

Семинар барысында жасанды интеллекттің білім саласына ықпалы, этикалық және педагогикалық аспектілері, сондай-ақ мұғалімдер мен студенттердің цифрлық құзыреттілігін арттыру жолдары талқыланды. Қатысушылар рухани-адамгершілік тәрбие мен технологиялық инновациялардың өзара байланысы туралы пікір алмасып, практикалық ұсынымдар қабылдады.

Шымкент – еңбекке бейім, жастар саны басым, даму қарқыны жоғары мегаполис. Мұндағы білім беру жүйесі тек академиялық емес, сонымен қатар рухани, мәдени және цифрлық құндылықтарды ұштастыра отырып дамып келеді. Семинар қорытындысында қатысушылар білім беру мазмұнын жаңартудағы ардагер ұстаздардың рөлін, цифрлық дәуірдегі тәлім-тәрбиенің маңызын және жасанды интеллектке бейімделген педагогикалық әдістемелердің өзектілігін ерекше атап өтті.

Осындай мазмұнды кездесулер мен тәжірибе алмасу алаңдары болашақ мамандарды даярлаудағы сапаны арттырып қана қоймай, ұлт болашағының зияткерлік іргетасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадам болып табылады.

Қатысты жаңалықтар

Президент Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысты

bastynews

АКАДЕМИЯЛЫҚ МОБИЛДІЛІК ЖӘНЕ ЭТНИКАЛЫҚ РЕПАТРИАЦИЯ АЯСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ: ДАЙЫНДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ШЕТЕЛДІК ІССАПАРЫ НӘТИЖЕЛІ ӨТТІ

bastynews

ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: «КЕЗДЕСУДЕ АЙТЫЛҒАН СӨЗДЕР ЖЕРДЕ ҚАЛМАЙДЫ»

Bastynews