Басты жаңалықтар

ZHANIBEKOV UNIVERSITY ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТКЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ЗЕРТТЕУІ ТҮРКИЯДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯДА ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНДЫ

Түркияның Стамбул қаласында өткен IEEE-UBMK-2025 International Conference on Computer Science and Engineering атты беделді халықаралық ғылыми конференцияда Zhanibekov University «Информатика» кафедрасының профессор-оқытушылары өздерінің ғылыми-зерттеу жобасын сәтті таныстырып, жоғары ғылыми бағалауға ие болды. Бұл конференция – компьютерлік ғылымдар, жасанды интеллект, инженерия және білім беру технологиялары саласындағы әлемдік жетекші зерттеушілердің басын қосатын алдыңғы қатарлы академиялық алаң.

Аталмыш халықаралық ғылыми форумға Zhanibekov University атынан «Информатика» кафедрасының жетекші оқытушылары – профессор Л. Сүлейменова, аға оқытушы Г. Омарова, Э. Әділбекова, сондай-ақ осы кафедраның докторанты А. Қарабай қатысып, «Жоғары білім беру саласында жасанды интеллектті қолданудың тиімділігі» атты ғылыми баяндамасын ұсынды. Зерттеу жұмысы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қаржыландырылатын мемлекеттік гранттық жоба аясында жүргізілген.

Ғылыми зерттеудің негізгі өзегі – білім алушылардың академиялық үлгерімін алдын ала болжау үшін жаңа педагогикалық-модельдік әдісті енгізу. Зерттеуде білім беру мазмұны Блум таксономиясы негізінде когнитивтік деңгейлерге бөлініп, тапсырмалар есте сақтау, түсіну, қолдану, талдау, бағалау және жаңа идеяны қалыптастыру сияқты ойлау қабілетінің түрлі сатылары бойынша құрылды. Осы модель негізінде машиналық оқыту (machine learning) алгоритмдері сыналып, нақты болжам жасауға бағытталған аналитикалық тәсілдер қолданылды.

Нәтижесінде, зерттеу барысында оқу тапсырмаларын танымдық күрделілік деңгейіне сәйкес сұрыптап, әр когнитивтік деңгейдің үлгерімге әсерін модельдеу арқылы академиялық көрсеткіштерді болжау дәлдігі айтарлықтай артқаны дәлелденді. Бұл әдіс адаптивті оқыту жүйесін (adaptive learning systems) жобалауда, білім алушының жеке оқу траекториясын анықтауда және академиялық бағалаудың әділеттілігін қамтамасыз етуде перспективалық шешім ретінде ұсынылуда.

Аталған тәсілдің бірегейлігі – ол студенттің когнитивті даму деңгейін терең талдауға, дербестендірілген оқу әдістемесін жасауға және әрбір білім алушының мықты әрі әлсіз жақтарын нақты айқындауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде білім сапасын арттыру, оқыту процесін цифрландыру және білім беру нәтижелерін дәл бағалау мақсатында жасанды интеллектті тиімді пайдаланудың жолын көрсетеді.

IEEE-UBMK конференциясы – ғылым мен технологияның тоғысындағы заманауи трендтерді талқылауға арналған платформа болып табылады. Бұл іс-шара барысында қатысушылар деректерді өңдеу, білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформация, нейрожелі модельдер, алгоритмдік диагностика, компьютерлік лингвистика және білім беру аналитикасы (learning analytics) салаларындағы соңғы ғылыми жетістіктермен бөлісті.

Қатысты жаңалықтар

Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Bastynews

КАСКАДНОЕ ОБУЧЕНИЕ ЧЛЕНОВ УЧАСТКОВЫХ ИЗБИРАТЕЛЬНЫХ КОМИССИЙ В МАКТААРАЛЬСКОМ РАЙОНЕ

bastynews

САУРАНДА 500 ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

bastynews