Жаңалықтар

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК: ZHANIBEKOV UNIVERSITY МЕН ТҮРКИЯНЫҢ GAZI UNIVERSITY АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙДЕ

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне Түркия Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Gazi University-ден ресми делегация сапармен келді. Бұл іссапар қос университет арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейту және Gazi University-дің Қазақстандағы ресми филиалының қызметін жүйелі түрде жолға қою мақсатында ұйымдастырылды.

Түркиялық делегация құрамында Gazi University ректоры, профессор, доктор Угур Унал, академиялық мәселелер жөніндегі проректор, профессор, доктор Неждет Хайта, педагогика факультетінің деканы, профессор, доктор Билал Гунеш және аппарат басшысы Мурат Тунчбилек болды. Қонақтарды Zhanibekov University басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев бастап, университеттің академиялық-инфрақұрылымдық әлеуетімен, ғылыми-зерттеу бағыттарымен және студенттік өмірімен таныстырды.

Сапар аясында екіжақты ресми қабылдау рәсімі өтіп, онда ректор Әлібек Нұрбайұлы Gazi University филиалының Қазақстанда ашылуы – мемлекет басшыларының тікелей бастамасы мен қолдауы аясында жүзеге асып жатқан тарихи оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама бауырлас екі елдің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, академиялық мобилділік пен кадрлық әлеуетті дамытуға тың серпін береді.

Өз кезегінде профессор, доктор Угур Унал екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жоғары деңгейін ерекше атап өтіп, бұл серіктестіктің білім беру мен ғылыми зерттеулерді интернационализациялауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Gazi University ректорының айтуынша, филиал арқылы түркі әлемінің ортақ құндылықтарын білім мен ғылым арқылы дамытатын мамандар даярланады.

Келіссөздер нәтижесінде екіжақты меморандумға және филиал қызметін регламенттейтін арнайы келісімшартқа қол қойылды. Құжатта Gazi University филиалының Қазақстан Республикасындағы заңнамаға сәйкестігі, білім беру бағдарламаларының құрылымы, академиялық кадрларды іріктеу тәртібі, білім алушыларды қабылдау және оқу жетістіктеріне қарай академиялық ауысу жүйесі, қаржыландыру тетіктері, диплом беру процедурасы мен инфрақұрылыммен қамтамасыз ету шаралары нақты көрсетілген.

Бүгінгі таңда Қазақстан тарапынан Gazi University филиалын Әділет министрлігіне тіркеу процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар, нормативтік-құқықтық актілерге енгізілетін толықтырулар мен қосымша регламенттер әзірленуде. Бұл құжаттар болашақта филиалдың академиялық дербестігін сақтай отырып, ұлттық стандарттарға сәйкес жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Кездесу барысында білім беру бағдарламаларын үйлестіру, оқу жоспарларын сәйкестендіру, материалдық-техникалық база мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Екі университет те алдағы уақытта бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып, халықаралық деңгейде бірлескен ғылыми журналдар шығару, ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, сондай-ақ қос дипломды бағдарламалар мен академиялық ұтқырлық жобаларын дамыту ниетін білдірді.

Сапар аясындағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде ғылыми кеңес мәжілісінде профессор, доктор Угур Уналға Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың Құрметті профессоры атағы беріліп, арнайы Алғыс хат табысталды. Бұл мәртебе екі университет арасындағы стратегиялық серіктестіктің символына айналды.

Қатысты жаңалықтар

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Bastynews

ШАРДАРА АУДАНЫНДА 60 ПӘТЕРЛІ ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

bastynews

САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАРДЫ АРАЛАП, БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

bastynews