Қазіргі заманда археология ғылымы дәстүрлі әдістермен шектелмей, пәнаралық зерттеу (interdisciplinary research), тарихи-мәдени ландшафтты сақтау (cultural landscape preservation) және археологиялық мұраны цифрландыру (digital heritage) бағыттарына ден қоюда. Осы ғылыми трендтер аясында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің (ОҚПУ) археология саласындағы мамандары Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы аумағындағы тарихи ескерткіштерде далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Экспедиция Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында, Өгем өзенінің бойында орналасқан археологиялық нысандарда өтті. Жобаға ОҚПУ-мен қатар Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлері, сондай-ақ «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорық музейінің мамандары қатысты. Археологиялық барлау мен стратиграфиялық қазба жұмыстары тарихи-мәдени мұраны сақтау және зерттеу бойынша интеграцияланған академиялық тәжірибе үлгісі ретінде жүзеге асырылды.
Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғалымы, тарих ғылымдарының кандидаты Талғат Мамыровтың жетекшілігімен жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары палеолит кезеңіне жататын тұрақтарды анықтау мақсатында ұйымдастырылды. Нәтижесінде тас дәуіріне тән артефактілер – қырғыштар, кескіштер мен басқа да еңбек құралдары табылып, өңірдің палеоантропологиялық тарихы жөніндегі мәліметтерді толықтыра түсті.
Сонымен қатар, б.з.д II ғасыр мен б.з. IV ғасыры аралығына жататын Қаңлы дәуірінің қалалық құрылымына тиесілі Үшбастөбе қалажұртына стратиграфиялық қазба жүргізілді. Биылғы маусымда қалажұрттың оңтүстік-батыс бөлігінде 8,5 х 5,2 метр көлеміндегі учаскеде археологиялық страта ашылып, көне қабырғалар, дәліздер мен бөлме құрылымдары зерттелді. Бұл урбанизациялық процестердің ежелгі кезеңдегі үлгілерін, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың археологиялық контексін анықтауға мүмкіндік берді.
Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер қатарында:
- керамикалық құмыра сынықтары (ceramic assemblage),
- темірден жасалған жебе ұштары (metal projectile points),
- сүрметас,
- дән үккіштер (grinding stones),
- жабайы жануарлардың сүйектері және
- металлургиялық қалдықтар анықталды.
Археологтардың пайымдауынша, қалажұрт тұрғындары металл өңдеумен белсенді айналысқан және металл өнімдерін импорттаған. Бұл – өңірдің ежелгі экономикалық байланыстары мен технологиялық даму деңгейінің айғағы. Пеш қалдықтары мен металл шлактардың табылуы осы ғылыми гипотезаны қуаттайды.
Қазіргі таңда бұл археологиялық жобаның нәтижелері деректер базасына енгізіліп, материалдар ғылыми айналымға дайындалуда. Осы зерттеу UNESCO-ның World Heritage and Archaeological Sites сақтау жөніндегі ұсынымдарына сәйкес, тарихи мұраның құндылығын арттыруға және оның мәдени идентичность тұрғысындағы рөлін күшейтуге бағытталған.
