М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде 2025–2026 оқу жылының алғашқы Ғылыми кеңес мәжілісі өтті. Жиын университеттің академиялық трансформация жолындағы жаңа кезеңінің бастамасы ретінде қарастырылып, жоғары білім беру кеңістігіндегі заманауи трендтер, ғылыми-инновациялық саясат, интернационалдандыру және адами капиталды дамытудың өзекті бағыттары талқыланды.
Ғылыми кеңесті басқарған университеттің басқарма төрағасы – ректор, техника ғылымдарының докторы, профессор Дархан Ахмед-Заки жоғары оқу ордасының ұжымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім беру процесін цифрландыру, жасанды интеллектке негізделген оқу платформаларын енгізу, білім алушылардың академиялық мобилділігі мен халықаралық серіктестікті кеңейту секілді негізгі басымдықтарды атап өтті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Аризона университетінің (АҚШ) филиалын М.Әуезов атындағы ОҚУ базасында ашуға бағытталған институционалдық келіссөздердің және инфрақұрылымдық дайындық жұмыстарының аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. Бұл жоба Қазақстан мен АҚШ арасындағы трансшекаралық білім беру кооперациясының маңызды көрінісі болып, университеттің жаһандық білім кеңістігіндегі орнын айқындай түсетіні сөзсіз.
Мәжіліс барысында күн тәртібіне сәйкес университеттің стратегиялық даму жоспарлары бекітіліп, бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, гранттық жобаларға қатысуды белсендіру, патенттік белсенділік көрсеткіштерін көтеру, зерттеу орталықтарының жұмыс тиімділігін арттыру, стартап жобаларды коммерцияландыру және академиялық репутацияны нығайту секілді бағыттарда нақты міндеттер айқындалды.
Сонымен қатар, кадрлық саясат аясында профессорлық-оқытушылық құрамның кәсіби біліктілігін арттыруға, ғылыми атақтар мен дәреже алу механизмдерін жетілдіруге басымдық берілді. Осы орайда, 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша ғылыми атақтарға ие болған бірқатар оқытушы-ғалымдарға салтанатты түрде аттестаттар табысталды. Атап айтқанда, «профессор» ғылыми атағы Абдикеримова Гульжанар Иманбаевнаға берілсе, «қауымдастырылған профессор (доцент)» атағына Тастанбекова Гульнара Рахимбердыевна, Күзербаева Айсулу Турмаханбетовна, Алпамысова Гулжайна Байгонысовна және Иманбаева Айгуль Баратовна ие болды. Бұл жетістіктер университеттің ғылыми кадрлық әлеуетінің өсуінің нақты көрінісі болып табылады.
Жиын соңында Ғылыми кеңес мүшелері университеттің академиялық және ғылыми-инновациялық даму траекториясын одан әрі ілгерілету мақсатында ұсыныстар білдіріп, алдағы оқу жылына арналған негізгі жұмыс бағыттарын бекітті. Университеттің «зерттеу университеті» мәртебесіне ұмтылуы, трансформациялық өзгерістерге ашық болуы, инновация мен сапаға негізделген даму парадигмасы арқылы білім беру экожүйесін жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр.