ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев бастаған жұмыс тобы, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті.
Зиярат барысында қадірлі қонақтар қазақ даласында ислам өркениетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Қожа Ахмет Ясауидің рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Сондай-ақ олар еліміздің амандығы мен тыныштығы, халқымыздың бірлігі мен берекесі, ұлт руханиятының нығаюы үшін ізгі тілектерін арнады.
Ресми іссапар барысында Өзбекстан делегациясы Түркістан қаласындағы туристік нысандарды аралап, өңірдің туристік әлеуетімен танысты. Атап айтқанда, тарихи ескерткіштер, мәдени және рухани орталықтар, заманауи инфрақұрылымдық нысандар мен туристік қызмет көрсету бағытындағы жобалар көрсетілді. Қонақтарға өңірде соңғы жылдары жүргізіліп жатқан туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары, сондай-ақ Түркістан қаласының халықаралық деңгейдегі мәдени және рухани орталық ретінде дамуы туралы толық ақпарат берілді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи-рухани кешен. Мұнда келетін туристер мен зияратшылар саны жыл сайын артып келеді. Ал былтыр қабылданған арнайы заң Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріп, тарихи шаһардың әлеуметтік, экономикалық және туристік дамуына серпін берді. Қазіргі таңда қалада заманауи қонақ үйлер, музейлер, мәдени орталықтар мен инфрақұрылымдық нысандар құрылып, кесене айналасындағы тарихи-рухани ортаның сапасы арттырылуда.
Сапар барысында министрлер өңірдегі су ресурстарын тиімді басқару, ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту және өзара тәжірибе алмасу бағытындағы жобаларды талқылады. Екі елдің мамандары су айдындарын пайдалану, ауыл шаруашылығы суармасын жетілдіру және гидротехникалық нысандарды қауіпсіз әрі тиімді басқару мәселелерінде бірлескен жоспарлар әзірледі.
Сапар қорытындысында қонақтар Қазақстан мен Өзбекстанның су ресурстарын басқару, туризм және мәдени мұраны сақтау саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға, сондай-ақ тарихи-рухани мұраны насихаттау бағытында бірлескен жобаларды дамытуға ниет білдірді. Мұндай кездесулер екі ел арасындағы мәдени, тарихи, әлеуметтік және экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдетуге, өңірлердің даму перспективасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
