Ақпарат Басты жаңалықтар

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» жобасы Шымкентте таныстырылды

Шымкент қаласында Мемлекет басшысының Атыраудағы Ұлттық Құрылтайда көтерген бастамасы аясында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» республикалық жобасы таныстырылды. Шараға жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, жастар, педагогтер және БАҚ өкілдері қатысты.

Жобаны жүзеге асырып отырған «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры жуырда құрылғанымен, бастама Ел Президентінің «ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру үшін кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажет» деген ұсынысына негізделген. Осыған дейін кітапхана қорларын толықтыру, кітапханаларды жаңарту сияқты бастамалар болғанымен, бұл жоба – сол бағыттағы кешенді әрі жаңа қадам болып отыр.

Жоба аясында алты санат қамтылған: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын педагог» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші». Әрбір қатысушы өзінің санатына сәйкес сарапшылар таңдаған 15 кітапты оқу керек. Кітаптар тізімі министрлік өкілдері, ғылыми институттар мен академиялық орта мамандарынан құралған арнайы сарапшылар тобының зерттеу нәтижесінде бекітілген. Әрбір жастағы, кәсіби бағыттағы оқырманның деңгейі мен мүмкіндігі ескерілген: ең аз көлемі 120 бет болса, ең көбі 700 беттен аспайды. Орташа есеппен бір кітап 300-400 беттен тұрады.

Жоба бағдарламалар тобының жетекшісі Бекарыстан Аманжоловтың айтуынша, бұл байқаудың басты ерекшелігі – халықты кітап оқуға ынталандыру үшін қомақты жүлде қоры қарастырылған. «Қазақстан әлемдік рейтингте кітап оқитын мемлекеттердің арасында төменгі қатарда. Біз осы көрсеткішті көтеріп, елді алғашқы ондыққа енгізгіміз келеді. Оның ең тиімді жолы – қоғамды ынталандыру. Сондықтан жеңімпаздарға миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындадық», – дейді ол.

Жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгені құрайды. Әр санаттың жеңімпаздарына 1 миллион теңгеден беріледі, ал екінші орын иегерлері 600 мың теңге, үшінші орын иегерлері 400 мың теңге алады.

Жоба шеңберінде әр санат үшін арнайы байқаулар ұйымдастырылады. Мектеп оқушылары үшін – байқаулар, студенттер үшін – дебат турнирлері, педагогтер үшін – викториналар мен квиздер, мемлекеттік қызметшілер үшін кәсіби құзыреттілікті арттыратын әдебиеттер бойынша сындарлы талқылаулар өткізіледі. Ал «Кітап оқитын әулет» санатында кемінде бес адамнан тұратын отбасы мүшелері ата-әже, әке-шеше, балалар кітап оқып, оны талқылау арқылы үлгі көрсетеді.

Қатысушылар қыркүйектен ақпан айына дейінгі аралықта кітаптарды оқып, қысқаша рецензия жазып отырады. Арнайы ашылатын «Readination» онлайн жүйесінде әрбір қатысушы оқыған кітабын тіркеп, өз рейтингін көре алады. Бұл жүйе жарыстың ашық әрі әділ өтуіне мүмкіндік береді.

Бекарыстан Нұрланұлының сөзінше, жоба демеушілердің қолдауымен жүзеге асып отыр. Мемлекеттік қаржы жұмсалмаған. Бас демеуші – «Alaygom Electric Company», ал серіктестер қатарында AMANAT партиясы мен жергілікті әкімдіктер бар.

Қазіргі таңда пилоттық жоба ретінде Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында қолға алынып отыр. Алдағы уақытта бастама оң нәтиже көрсетсе, бүкіл Қазақстанды қамту жоспарланған.

«Шымкент келбеті»

Қатысты жаңалықтар

МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ 2024: СЫЗДЫҚОВТАР ӘУЛЕТІ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСТЫ

bastynews

Зейнетке ерте шыққыңыз келсе…

Bastynews

ШЫМКЕНТТЕ ВАУЧЕРЛІК ЖҮЙЕ: ҚАРЖЫ БАЛАМЕН БІРГЕ ЖҮРЕДІ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ

bastynews