2025 жылғы 29 тамызда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасына үміткер студенттерді іріктеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Аталған шара 2025–2026 оқу жылының күзгі семестрінде шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға ниетті студенттерді анықтау мақсатында ұйымдастырылды.
Комиссия отырысына университеттің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерімен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары қатысты. Бұл қадам – іріктеу рәсімінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ үміткерлерді таңдау барысының қоғам алдында есептілігін күшейтетін маңызды тетік.
Іріктеу комиссиясы студенттерден қабылданған құжаттар пакетін мұқият саралап, бекітілген критерийлерге сәйкес кешенді бағалау жұмыстарын жүргізді. Аталған критерийлерге мыналар кіреді: академиялық үлгерім деңгейі (GPA көрсеткіші), шет тілін меңгеру дәрежесі (халықаралық сертификаттар немесе тест нәтижелері негізінде), ғылыми-зерттеу және жобалық жұмыстарға қатысу белсенділігі, сондай-ақ қоғамдық және еріктілік қызметтерге араласу. Бұл талаптар үміткерлердің жан-жақты даму деңгейін, көшбасшылық қасиеттерін және халықаралық ортада табысты бейімделу қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.
Іріктеу нәтижесі бойынша республикалық бюджет қаражаты және университеттің бюджеттен тыс қаржылық ресурстары есебінен шетелдік серіктес жоғары оқу орындарына академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы бір семестрге жіберілетін студенттердің тізімі жасақталды. Олар енді Германия, Польша, Оңтүстік Корея, Түркия, Венгрия, Чехия, Литва, Қытай және басқа да мемлекеттердің беделді университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болады.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы – университеттің стратегиялық даму бағыттарының бірі. Бұл бастама білім беру сапасын арттыру, оқу үдерісін интернационалдандыру, сондай-ақ студенттерге жаһандық кәсіби ортада жұмыс істеуге қажетті құзыреттерді қалыптастыру бағытында зор маңызға ие. Шетелде білім алу арқылы студенттер тек жаңа білім мен тәжірибе ғана жинақтап қоймай, сонымен қатар өздерінің мәдени көкжиектерін кеңейтіп, әлемдік білім кеңістігіне енуге мүмкіндік алады.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жыл сайын академиялық ұтқырлық шеңберінде ондаған студентті шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға жіберіп келеді. Бұл – университеттің халықаралық байланыстарының кеңеюіне, серіктес ЖОО-лармен екіжақты ынтымақтастықтың нығаюына және студенттердің жаһандық деңгейдегі білім беру ресурстарына қол жеткізуіне ықпал ететін нақты көрсеткіш.
Сонымен қатар, академиялық ұтқырлық бағдарламасы түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықаралық мансап жолында сенімді алғашқы қадам жасауына жол ашады. Бағдарлама аясында білім алған түлектердің көбі шетелдік және отандық компанияларда, халықаралық ұйымдарда табысты еңбек етіп келеді.