Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жаңа 2025–2026 оқу жылының басталуына орай «Білім күніне» арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын болашақ медицина мамандары үшін жаңа білім кеңістігіне және кәсіби формация жолына ресми бастама болды.
Іс-шараны академия ректоры, медицина ғылымдарының кандидаты Жанна Серікжанқызы Сейтжанова ашып, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын жаңа академиялық маусымның басталуымен құттықтады. Өз сөзінде ол: «Білім күні – тек күнтізбелік дата емес, бұл – әрбір жас үшін интеллектуалдық және тұлғалық жаңғырудың нүктесі. Әсіресе, биыл алғаш рет жоғары медициналық білім беру кеңістігіне аяқ басқан студенттер үшін бұл күн – кәсіби жауапкершілік пен адамзат алдындағы міндетті сезінудің бастауы. Медицина – тек білім саласы ғана емес, бұл – өмір мен өлім шекарасында шешім қабылдайтын биік миссия», – деп атап өтті.
Оқу орнының ректоры білім алушыларға адам тағдырына бейжай қарамау, клиникалық ойлау мен кәсіби этика қағидаттарын терең меңгеру қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, академияда сапалы біліммен қатар, адамгершілік құндылықтарға негізделген тәрбие жүйесінің қалыптасқанын тілге тиек етті.
Мерекелік жиында академиялық жұмыстар жөніндегі проректор Мария Анартаева және тәрбие ісі мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Ербол Сәлім құттықтау сөз сөйлеп, студенттерді ішкі тәртіп регламентімен және академиялық үдеріс құрылымымен таныстырды. Олар білім алушылардың құқықтары мен міндеттері, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері, ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу механизмдері туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар, академияның ақпараттық-кітапхана орталығының басшысы Раушан Дарбичева цифрлық кітапхана қоры, білім ресурстарына қашықтан қол жеткізу платформалары және библиографиялық қызметтер туралы жан-жақты мәлімет ұсынды. Бұл – оқу процесінің цифрландырылған экожүйесінде тиімді білім алуға мүмкіндік береді.
Іс-шарада академиялық адалдық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыптары да назардан тыс қалған жоқ. Академияның комплаенс-офицері Нұрғали Пернебаев студенттермен ашық форматта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, академиялық ортада этикалық стандарттар мен транспаренттік принциптердің сақталуының маңыздылығын атап өтті.
ОҚМА — Қазақстанның оңтүстігіндегі жетекші медициналық жоғары оқу орны ретінде мегаполис жағдайында еңбек ететін, кәсіби дербестігі мен азаматтық ұстанымы қалыптасқан жаңа буын дәрігерлерін даярлауға бағытталған. Академия ұжымы жас мамандардың клиникалық дағдыларын жетілдірумен қатар, олардың әлеуметтік жауапкершілігі мен медициналық мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән береді.
Жаңа оқу жылы академия үшін академиялық прогресс, ғылыми жетістіктер және білім сапасын арттыру жолындағы маңызды кезең болмақ. Ал жас студенттер үшін – өмірге араша болар мамандықтың алғашқы баспалдағы.