Қазақстанның үшінші мегаполисі саналатын Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары халықаралық ғылыми кеңістікте өз жетістіктерімен танылуда. 2025 жылдың 11–14 тамыз күндері университеттің белді ғалымдары – Бақытжан Асилбеков, Бақыт Смайлов, Абдуғани Азимов және Сәуле Моминова Қытай Халық Республикасының беделді оқу орындары – Shihezi University және Xi’an Jiaotong University ұйымдастырған «2025 Conference of Chemical Engineering Sub-Alliance of the University Alliance of the Silk Road & International Academic Symposium on Green Chemistry and Sustainable Catalysis (CESA-UASR 2025 & IASGS)» атты ірі халықаралық ғылыми конференцияға қатысты.
Іс-шара әлемдік ғылыми қауымдастықтың назарын химиялық инженерия, жасыл химия және тұрақты катализация сынды заманауи ғылым бағыттарына аударып, осы салалардағы соңғы жетістіктер мен инновациялық жобаларды кеңінен талқылауға арналды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген зерттеушілер, профессорлар мен жас ғалымдар қатысқан бұл конференция – ғылыми пікір алмасудың маңызды алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа технологиялар мен зерттеу әдістемелерінің тоғысқан ғылыми платформасына айналды.
Шымкент қаласынан барған Әуезов университетінің өкілдері конференция аясында өздерінің ғылыми еңбектерін сәтті таныстырып, халықаралық аудиториямен еркін диалог орнатты. Олар өз баяндамаларында жасыл технологиялар, қоршаған ортаға зиянсыз өндіріс үдерістері мен экологиялық тұрақтылыққа бағытталған шешімдерді ұсынды. Ғалымдардың көтерген тақырыптары мен ғылыми тұжырымдамалары тыңдаушылар тарапынан жоғары бағаланып, өзара кәсіби байланыстар орнатуға үлкен мүмкіндік тудырды.
Конференция барысында Әуезов университетінің ғалымдары бірқатар шетелдік зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнату жөнінде келіссөздер жүргізіп, бірлескен ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндіктерін саралады. Бұл қадам – шырайлы Шымқаланың ғылым саласындағы әлеуетін халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған нақты әрекеттердің біріне айналды. Айта кетерлігі, мұндай ауқымды кездесулер жас ғалымдарға жаңа идеялар мен бағыттар ұсынумен қатар, университеттің ғылыми базасын кеңейтуге және шетелдік гранттық бағдарламаларға қатысуға жол ашады.
Шымкенттегі ғылымның жаһандық ортада лайықты бағаланып, жаңа серіктестіктерге бастау алуы – еліміздің ғылыми-инновациялық жүйесінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Әуезов университетінің бұл жетістігі – Шымкент мегаполисінің академиялық орта ретінде халықаралық беделінің артуына зор серпін беретін айқын көрсеткіш.
Жалпы алғанда, CESA-UASR 2025 & IASGS халықаралық конференциясы отандық ғалымдардың кәсіби шеберлігін арттырып, білім мен ғылымдағы шекараны кеңейтуге жол ашты. Бұл – университет ұжымы үшін ғана емес, тұтастай мегаполис мәртебесіне ие Шымкенттің ғылыми-интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға қосылған салмақты үлес. Жаһандық деңгейде танылып жатқан шымкенттік ғалымдардың бұл қадамы ел ғылымының дамуына және халықаралық аренада орнығуына тағы бір нақты дәлел бола алды.