Шырайлы Шымқала – еліміздің үшінші мегаполисі саналатын Шымкент қаласы білім мен ғылымның халықаралық орталығына айналып келеді. 2025 жылғы 25 тамызда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ғылым мен академиялық серіктестік бағытында маңызды кездесулердің бірін өткізді. АҚШ-тың беделді жоғары оқу орындарының бірі – Arizona State University-дің ресми делегациясы университетке арнайы келіп, бірлескен ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастауға ниет білдірді.
Америкалық делегация құрамында Arizona State University-дің жаһандық академиялық бастамалар жөніндегі вице-президенті Джулия Розен және Cintana Education ұйымының Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша аймақтық бас директоры доктор Чагры Багджоглу болды. Бұл кездесу – тек екі университет арасындағы байланыс емес, сонымен қатар Шымкенттегі академиялық қоғамдастықтың халықаралық білім беру кеңістігімен бірігуінің айқын көрінісі.
Кездесу барысында тараптар өз университеттерінің қызметі мен басым бағыттарын таныстырып, білім беру бағдарламаларын дамытудың заманауи жолдарына тоқталды. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, академиялық ұтқырлықты арттыру, қос диплом бағдарламаларын іске асыру және студенттерге арналған халықаралық интенсивті курстар ұйымдастыру мәселелері жан-жақты қаралды. Университет өкілдері Шымкенттегі жоғары білім беру жүйесінің әлеуеті мен дамуға деген ұмтылысын көрсетіп, шетелдік қонақтар тарапынан жоғары баға алды.
Кездесу аясында М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың ғалымдары әзірлеген ғылыми жетістіктер көрмесі де ұйымдастырылды. Онда ғылыми-зерттеу жобалары, жасыл технологиялар, инновациялық катализаторлар және тұрақты даму бағытындағы ғылыми бастамалар таныстырылды. Көрме халықаралық деңгейдегі университеттермен ғылыми-инновациялық серіктестікті кеңейтуге, шетелдік серіктестерге қазақстандық ғылымның мүмкіндіктерін көрсетуге бағытталды.
Бұл маңызды сапар – Әуезов университеті үшін тек академиялық серіктестік емес, сонымен қатар университеттің жаһандық білім кеңістігіне енуіне жол ашатын стратегиялық қадам. Жоғары оқу орындарының жаһандық желілеріне қосылу, трансұлттық білім беру жобаларына қатысу және халықаралық дәрежедегі серіктестермен жұмыс істеу – Шымкент қаласының мегаполис ретіндегі ғылыми және зияткерлік даму бағытын нақтылайды.
Әуезов университетінің әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатуы – қаладағы жоғары білім беру мекемелерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер көкжиегін ашады. Бұл бағыттағы бастамалар мегаполистің ғылыми әлеуетін арттыруға, Шымкенттің білім хабына айналуына ықпал етпек.
Arizona State University делегациясының сапары екіжақты байланыстың нығаюына және Шымкенттің жаһандық академиялық қауымдастықтағы орнын бекітуге мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар – болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына, әлемдік тәжірибемен еркін танысуына және Қазақстанның ғылыми-интеллектуалдық әлеуетінің артуына берік негіз қалайды.