Қоғам Мәдениет

МЕГАПОЛИС МҮМКІНДІГІ БӘРІНЕ ТЕҢ: ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ШЫМКЕНТТЕГІ ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕСІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Қазақстанда білім беру жүйесі қоғамдағы барлық балаға тең мүмкіндік беруге негізделіп келеді. Әсіресе, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оқу орындары – инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызды бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде мұндай білім беру мекемелерінің әлеуетін арттыру, инфрақұрылымын жаңарту және мамандарды жан-жақты қолдау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Осыған орай, 2025 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің тыныс-тіршілігімен танысуы – бұл бағытқа көрсетілген жоғары деңгейдегі назардың айғағы.

Министр сапар барысында оқу орнының оқу кабинеттерін, шеберханаларын, медициналық-оңалту бөлмелерін, арнайы жабдықталған сыныптарды аралап, білім беру процесінің ұйымдастырылу барысын көрді. Колледжде оқушылардың физикалық және психологиялық дамуына жағдай жасауға арналған арнайы бағдарламалар енгізілген.

Ғани Бейсембаев мекеме ұжымымен кездесу кезінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудың әдістемелік, әлеуметтік және тәрбиелік ерекшеліктеріне тоқталып, мұндағы педагогикалық құрамның кәсібилігіне жоғары баға берді.

Ерекше балаларды оқыту мен тәрбиелеу — тек білім беру емес, бұл үлкен жүректі, ерекше көзқарасты, ерекше әдістемені қажет ететін сала. Осындай мекемелерде еңбек ететін мамандар – адамгершілік пен жауапкершіліктің үлгісі, – деді министр.

Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы бейімделген, кешенді қызмет көрсететін оқу орны. Мұнда балалар тек білім алып қана қоймай, кәсіби бағдар мен еңбекке бейімделу бағытында да жүйелі даярлықтан өтеді. Колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, шаштараз ісі, тігін ісі, аспаздық, аяқ киім жөндеу, гүл өсіру, көркемөнер және қолданбалы қолөнер сынды бірқатар бағыттар бойынша практикалық машықтану мүмкіндігі жасалған.

Бұл оқу орнында қазіргі таңда 200-ге жуық тәрбиеленуші білім алуда. Олардың әрқайсысы өзінің мүмкіндігін танып, қоғамға бейімделіп, еңбекке араласуға жол табуы үшін мұнда ерекше тәсілдер мен бағдарламалар қолданылады.

Сапар барысында министр ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың туындыларынан құралған көрмені тамашалап, оқушылармен ашық әңгімелесті. Балалар өз қолдарымен жасаған жұмыстарын таныстырып, қызығушылықтары мен болашақ арман-мақсаттары жайлы бөлісті.

Ғани Бейсембаев инклюзивті білім беру жүйесін дамытудың маңызын атап өтіп, бұл саладағы әрбір жетістік – қоғамның өркениеттілік деңгейінің көрсеткіші екенін жеткізді.

Инклюзия – тек білім беру саласының мәселесі емес. Бұл — мәдениеттің, құндылықтың және ұлттық тұтастықтың айнасы. Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуетін ашуға үлес қосып жатқан әрбір ұстаз, әрбір жетекші – еліміздің жарқын болашағына қызмет етіп жүрген азамат, – деді ол.

Министр оқу ордасының ұстаздарына алғыс білдіре отырып, инклюзивті білім беру бағытындағы тәжірибе мен әдістемелерді кеңінен тарату қажеттігін атап өтті. Бүгінде инклюзия – бір ғана арнайы мекемелердің жұмысы емес, жалпы білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.

Сондай-ақ, министрлік тарапынан арнайы білім беру ұйымдарына арналған кадр даярлау, әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қолдау бағытындағы шаралар жалғасын табатынын жеткізді.

Алдағы оқу жылында да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, ешбір бала назардан тыс қалмайтын, мүмкіндігі шектеулі емес, мүмкіндігі бар тұлға ретінде дамитын орта қалыптастыру – білім беру жүйесінің басты ұстанымы болмақ.

Қатысты жаңалықтар

НАУКА КАК СОСТЯЗАНИЕ УМОВ: В ЮКМА ПРОШЁЛ ИНТЕЛЛЕКТУАЛЬНЫЙ КОНКУРС «SCIENCE BATTLE»

bastynews

Қоғамдағы Ынтымақтың Маңызы Қандай?

Bastynews

Саналы ұрпақ тәрбиесі

Bastynews