Еліміздің үшінші мегаполисі саналатын Шымкентте білім беру саласының инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңарып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қауіпсіз әрі жайлы мектеп ортасын құру, педагог мәртебесін көтеру және оқушыларға сапалы білім беру — білім саясатының басты басымдықтарының біріне айналды. Осы бағытта 2025 жылдың 23 тамызында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласындағы №109 жалпы орта мектебіне барды.
Аталған білім ошағы жаңа оқу жылы қарсаңында күрделі жөндеуден өтіп, заманауи стандарттарға сай жаңғыртылған. Министрдің бұл сапары – ел аумағындағы білім беру ұйымдарының инфрақұрылымдық дайындығын бағамдап, педагогикалық ұжыммен тікелей байланыс орнатуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі.
Ғани Бейсембаев ең алдымен мектептің материалдық-техникалық базасын аралап, оқу кабинеттерінің, зертханалық бөлмелер мен кітапхананың, спорт және мәжіліс залдарының жаңа кейіпін көрді. Күрделі жөндеуден кейінгі мектеп ғимараты қауіпсіздік талаптарына сай, жарық, кең және заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Білім ордасында пәндік кабинеттердің жаңа форматта жабдықталуы, интерактивті құралдармен қамтамасыз етілуі және цифрлық ресурстарға қолжетімділік деңгейі министр тарапынан оң бағаға ие болды. Бұл мектепте 1200-ге жуық оқушы білім алады, жаңа оқу жылында олардың сапалы білім алуы мен жайлы ортада дамуы үшін барлық жағдай жасалған.
Сапар барысында министр мектеп ұжымымен еркін форматтағы кездесу өткізді. Ұстаздар қауымы жаңа оқу жылына дайындығы, оқыту әдістемелері мен оқушылардың үлгерім сапасын арттыру жолындағы жұмыстар жайлы баяндады.
Ғани Бейсембаев білім саласындағы жаңашылдықтар мен стратегиялық міндеттерге тоқтала келе, «Орта білім беру сапасын арттыру – ұлттық дамудың өзегі» екенін ерекше атап өтті. Министр ұстаздармен ашық пікір алмасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, педагогтерді мазалайтын бірқатар өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
— Мұғалім – білім беру процесінің басты тұлғасы. Сондықтан біз сіздердің жұмыстарыңызға жүйелі қолдау көрсетуге, кәсіби дамуларыңызға барлық мүмкіндіктер жасауға мүдделіміз. Мектептің жаңаруымен бірге мұғалімнің де жан-жақты дамуы – басты талаптардың бірі, – деді министр.
Кездесу барысында жаңа 2025–2026 оқу жылына қойылып отырған міндеттер де талқыланды. Министр оқыту сапасын арттыруға бағытталған нақты тетіктерді атап өтіп, оның ішінде:
- функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталған оқу бағдарламалары;
- цифрлық құралдарды тиімді қолдану;
- оқушы жетістігін жан-жақты бағалау жүйесін енгізу;
- тәрбие мен академиялық үлгерімнің теңгерімділігі;
- ата-анамен ынтымақтастықты күшейту бағытындағы шараларға назар аударды.
Сондай-ақ, Ғани Бейсембаев мектеп басшылығына жаңа оқу жылының ұйымдастырылу барысы бойынша нақты ұсыныстар беріп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.