Еліміздің білім беру жүйесі дамудың жаңа сатысына қадам басуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оқушылардың қабілетін ашу мен қолдау бағытында нақты жобалар қолға алынып жатыр. Сол бастамалардың бірі – Шымкент қаласында ашылатын жыл бойы тұрақты жұмыс істейтін дарынды балаларға арналған жаңа лагерь.
2025–2026 оқу жылынан бастап Шымкентте Президент резиденциясы базасында ерекше форматтағы оқу-танымдық лагерь өз жұмысын бастайды. Бұл жоба – білім мен тәрбие жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, жас дарындардың әлеуетін толық ашуға бағытталған маңызды қадам.
Жаңа лагерьдің негізгі мақсаты – ғылымға, өнер мен мәдениетке, техника мен спортқа қызығушылық танытқан, ерекше қабілетімен көзге түскен оқушыларды қолдау және дамыту. Бұл ретте олимпиада жеңімпаздары, үздік оқушылар, өнертапқыштар, түрлі жобалар авторлары мен шығармашылық жетістіктерге жеткен балалар лагерьдің басты қатысушылары болмақ.
Лагерь жыл он екі ай бойы үздіксіз жұмыс істейді. Әрбір ауысымда 50–60 оқушы қабылданып, бір жыл ішінде 2500-ге жуық дарынды бала арнайы бағдарлама негізінде тәрбиеленеді. Бұл – тек маусымдық демалыс орны ғана емес, баланың жан-жақты дамуына арналған үздіксіз білім беру орталығы ретінде қызмет етеді.
Лагерьдің басты ерекшелігі – балалардың білім алуына, шығармашылығын дамытуға, ғылыми зерттеулермен айналысуына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне арналған заманауи инфрақұрылымның толық қамтамасыз етілуі.
Нысанда төмендегі мүмкіндіктер қарастырылған:
- толық жабдықталған оқу және ғылыми зертхана бөлмелері;
- шығармашылық шеберханалар мен мәдени іс-шаралар залы;
- спорт алаңдары мен жаттығу залдары;
- заманауи кітапхана және цифрлық ресурс орталығы;
- жайлы жатын бөлмелер мен асхана;
- медициналық қызмет көрсету пункті;
- табиғи экологиялық талаптарға сай аула мен тынығу аймақтары.
Мұның барлығы – бала үшін қауіпсіз әрі қолайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған. Лагерьде демалумен қатар, балалар STEM, IT, инженерия, робототехника, биотехнология, креативті жазу, музыка, бейнелеу өнері және көшбасшылық қабілеттерін дамыту бағытындағы сабақтарға қатыса алады. Сонымен қатар, оқушыларға кәсіби мамандар мен тәлімгерлер тарапынан менторлық қолдау көрсетіледі.
Бұл бастама — тек оқушы үшін ғана емес, бүкіл білім беру жүйесі үшін маңызды тәжірибе алаңы. Лагерь базасында түрлі ғылыми форумдар, жобалық зертханалар, шеберлік сабақтары мен тренингтер ұйымдастырылады. Оқушылар өз жобаларын әзірлеп, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысуға мүмкіндік алады.
Мұнда балалардың тек білім деңгейі ғана емес, эмоционалдық интеллектісі, қарым-қатынас мәдениеті, көшбасшылық қасиеттері мен қоғамдағы белсенділігі де арта түседі. Жыл бойы жұмыс істейтін бұл орталық әр баланың дара қабілетін ашуға бағытталған.
Шымкентте ашылатын жаңа лагерь – ел тарихындағы тың жоба, білім саласындағы батыл бастама және ұрпақ қамына бағытталған нақты іс. Дарынды балалардың дамуына арналған бұл орталық – талантты ұрпақ тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам болмақ.