Қазақстанның үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл бағытта ерекше маңызға ие жобалардың бірі – «Келешек мектеп» ұлттық пилоттық жобасы. Аталған бастама заманауи білім кеңістігін құру арқылы оқушылардың жеке қабілетін дамытуға, сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға және педагог мәртебесін көтеруге бағытталған.
Осы орайда 2025 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келіп, жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты. Сапар барысында министр «Келешек мектеп» жобасы аясында бой көтерген №144 жалпы орта білім беретін мектепке барды.
Министр №144 мектептің ішкі инфрақұрылымын, оқу кабинеттерін, пәндік зертханаларды, спорт және шығармашылық алаңдарын аралап көрді. Сонымен қатар білім беру процесінің ұйымдастырылу барысын саралап, оқу әдістемесі мен мектептің материалдық-техникалық жабдықталуына ерекше назар аударды.
Мектеп ұжымымен кездесуде Ғани Бейсембаев «Келешек мектеп» жобасының білім беру саласындағы рөліне тоқтала отырып, оқу ордасының атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді. Сонымен қатар, педагогтермен еркін пікір алмасып, жаңа оқу жылына қатысты ұсыныстар мен идеяларды тыңдады.
Айта кетейік, №144 мектеп 2025 жылы пайдалануға берілген. Жобалық қуаты – 1200 оқушыға арналған, алайда бүгінде мұнда 2030 бала білім алуда. Бұл көрсеткіш – қаланың кейбір аумақтарында оқушы санының күрт артып, білім беру кеңістігіне деген сұраныстың жоғары екендігін айқын көрсетіп отыр. Шымкент сынды демографиялық өсімі жоғары мегаполис үшін бұл – өзекті мәселе.
Министр өз сөзінде үшінші мегаполисте «Келешек мектеп» жобасының белсенді жүзеге асып жатқанын ерекше атап өтті. Қала әкімдігі мен жергілікті білім басқармасы бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда Шымкентте аталған жоба аясында 11 мектеп іске қосылған, ал жаңа 2025–2026 оқу жылы қарсаңында тағы бір жаңа мектептің есігі оқушыларға айқара ашылмақ.
«Келешек мектеп» үлгісіндегі білім ұялары бірнеше ерекшелігімен дараланады:
- кеңейтілген пәндік кабинеттер мен креативті зертхана алаңдары;
- заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған оқу бөлмелері;
- қауіпсіздік жүйесінің толық қамтылуы;
- оқушылар мен педагогтерге арналған еркін шығармашылық және демалыс кеңістіктері;
- жаңартылған оқу бағдарламаларын енгізуге арналған әдістемелік база.
Бұл мектептер – жай ғана ғимарат емес, жаңа буын педагогикасының тәжірибе алаңына айналуда. Мұнда оқыту процесі оқушының қажеттілігі мен жеке қабілетіне бейімделіп, білім мен тәрбие егіз ұғым ретінде қарастырылады.
Ғани Бейсембаев мектептің оқушыларымен де пікірлесіп, олардың болашаққа деген көзқарасын, қызығушылықтарын сұрады. Кездесу барысында дарынды оқушылар өз жобаларын таныстырып, ғылыми және шығармашылық бастамалары жайында баяндады.