Шымкент қаласы — еліміздің үшінші мегаполисі ғана емес, сонымен қатар білім беру саласында жүйелі жаңашылдық пен тұрақты дамудың жарқын үлгісіне айналып келеді. Қаладағы білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына белсенді дайындықпен кірісіп, педагогикалық қауымдастықтар өзара тәжірибе алмасуға және білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды кездесулер өткізуде.
Осындай мәні мен мазмұны терең іс-шараның бірі – Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектепте өткен орыс тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің 2025–2026 жаңа оқу жылындағы алғашқы әдістемелік отырысы. Бұл басқосу педагогикалық тәжірибені жетілдіру, пәндік білім берудегі өзекті мәселелерді талдау және жаңа оқу жылына тың мақсаттар қою мақсатында ұйымдастырылды.
Отырыста өткен 2024–2025 оқу жылының нәтижелері жан-жақты сараланып, пән мұғалімдерінің жетістіктері мен қиындықтары әділ бағаланды. Жиын барысында мұғалімдердің әдістемелік жұмыстарға қатысу белсенділігі, оқушылардың олимпиада мен байқаулардағы көрсеткіштері, білім сапасы және оқыту әдістерінің тиімділігі талқыланды. Бұл талдау алдағы оқу жылында жүйелі жоспарлауға және сапалы өзгерістер енгізуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, педагогтар жаңа оқу жылында қолға алынатын жұмыстардың нақты бағыттарын айқындады. Әсіресе, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру, сыни ойлау мен шығармашылық қабілеттерін дамыту, әдеби-мәдени танымын кеңейту, білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын ояту мәселелері басты назарға алынды. Мұғалімдер арасындағы ынтымақтастық пен өзара тәжірибе алмасуды арттыру да отырыс барысында ерекше атап өтілді.
Жаңа оқу жылына арналған жұмыс жоспары аясында ашық сабақтар, әдістемелік семинарлар, шығармашылық жобалар, қалалық байқауларға қатысу және үздік педагогикалық тәжірибелерді тарату жұмыстары көзделіп отыр. Әдістемелік бірлестік мүшелері оқу бағдарламаларын тиімді жоспарлау, жаңа әдістемелік құралдарды қолдану, білім сапасын арттыру үшін цифрлық ресурстарды кеңінен пайдалану қажеттілігі жөнінде бір пікірге келді.
Жиынның тағы бір маңызды тұсы – педагогтердің кәсіби дамуына бағытталған ұсыныстар мен бастамалар болды. Әсіресе, жас мамандарды қолдау, тәлімгерлік жүйесін нығайту, тәжірибелі ұстаздардың әдістемелік шеберлігін жас мамандармен бөлісу механизмдері ұсынылды. Бұл өз кезегінде білім беру сапасының артуына және оқушы жетістіктерінің көбеюіне ықпал етпек.
Бірлестік отырысы әр педагог үшін тың идеяларға жол ашып, жаңа оқу жылына деген сенімділік пен серпін сыйлады. Мұғалімдердің білім мен тәрбие беру ісіне деген жауапкершілігі, ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі осы жиын арқылы тағы бір мәрте айқын көрініс тапты.
