Шымкент қаласындағы Көрме орталығында жас педагогтер мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайту мақсатында «BilimQadam–2025» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған іс-шараны Шымкент қаласы білім басқармасы жүзеге асырып, білім саласындағы кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде өткізілді.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Құрманбекқызы Сүлейменова сөз алып, қатысушыларға сәттілік тілеп, педагог мамандығының маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде бүгінгі жас маман – ертеңгі білім сапасын анықтайтын шешуші тұлға екенін атап өтіп, жәрмеңкенің әрбір түлек үшін үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.
Жәрмеңке аясында қаланың жалпы білім беретін мектептері, мектепке дейінгі ұйымдары мен қосымша білім беру мекемелерінен 344 бос жұмыс орны ұсынылды:
- 243 орын – жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне;
- 60 орын – балабақша тәрбиешілеріне;
- 41 орын – қосымша білім беру мамандарына арналған.
Жас мамандар бұл мүмкіндік арқылы түрлі білім беру ұйымдарының өкілдерімен тікелей сұхбаттасып, еңбек нарығындағы нақты ұсыныстармен танысты. Жәрмеңке – педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері үшін кәсіби жолдағы алғашқы қадамдарын сәтті бастауға таптырмас алаң.
Сонымен қатар, қатысушылар НОБД HR (национальная образовательная база данных) жүйесі арқылы тіркеуден өтіп, құжаттарды тапсыру тәртібі мен талаптары туралы кеңінен ақпарат алды. Арнайы ұйымдастырылған «HR тіркеу бұрышы» аймағында кәсіби мамандар қатысушыларға электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы онлайн режимде тіркеу жүргізуге көмектесті.
Жәрмеңкеге келген жастар арасында педагогикалық жоғары оқу орындарының биылғы түлектері, магистратура мен докторантура бағдарламаларын аяқтаған жас ғалымдар, сондай-ақ педагогикалық қайта даярлау курстарын тәмамдаған мамандар болды.
Айта кету керек, мемлекеттік грант негізінде білім алған, GPA көрсеткіші 3,33 және одан жоғары түлектер, сондай-ақ Ұлттық біліктілік тестінен (сертификаттау) өткен үміткерлер конкурссыз негізде жұмысқа қабылдануға мүмкіндік алды. Бұл талапкерлер үшін ерекше жеңілдік ретінде қарастырылып отыр.
Іс-шара қорытындысы бойынша жүздеген жас маман нақты ұсыныстар алып, кейбірі тікелей жұмысқа қабылдану туралы алдын ала келісімдерге қол жеткізді. Бұл өз кезегінде педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін жүйелі түрде шешуге, сондай-ақ білім беру сапасын арттыруға оң ықпал етеді.
Шымкент қаласы білім басқармасы алдағы уақытта да осындай мақсатты жобаларды тұрақты түрде ұйымдастырып, жас мамандарды қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыра бермек.
