Қаржылық тұрақтылық пен құқықтық сауаттылық – қазіргі заманда әр азаматтың жеке қауіпсіздігі мен әл-ауқатының негізі. Қаржы мен заң саласындағы білімнің жетіспеушілігі – қоғамдағы әлеуметтік осалдықтың негізгі себептерінің бірі. Осыны ескере отырып, Келес ауданында тұрғындарға арналған қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң үстемдігі қамтамасыз етілмесе, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді, ал онсыз әлеуметтік-экономикалық даму да мүмкін емес» деген тұжырымын басшылыққа ала отырып өткізілді.
Семинарға арнайы шақырылған білікті мамандар – «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі, заңгер Жандос Әзімбай және педагог-психолог Шара Абдирахманова қатысып, тұрғындарға практикалық тәжірибеге негізделген құнды мәліметтермен бөлісті.

Жандос Әзімбай семинар барысында есеп-шоттардың бұғатталу себептері мен оларды заң аясында шешудің нақты жолдарын түсіндіріп, күнделікті өмірде кездесетін қаржылық және құқықтық түйткілдер бойынша нақты кеңестер берді. Оның айтуынша, «Қаржылық сауаттылық пен құқықтық білім – әрбір азаматтың қауіпсіз өмір сүруінің кепілі. Біз тұрғындарға осындай мәселелерде бағыт-бағдар беруге әрдайым дайынбыз».
Өз кезегінде Шара Абдирахманова қаржылық күйзелістің адамның психологиялық жай-күйіне әсер ететінін айтып, күйзелістен сақтанудың жолдарын түсіндірді. «Азаматтар тек қаржысын басқаруды емес, сонымен қатар эмоциялық тепе-теңдікті сақтауды да үйренуі тиіс», – деді ол.
Шара соңында қатысушылар алаяқтықтан сақтану, несие рәсімдеудегі маңызды ережелер, құқықтық көмек алу жолдары сынды өзекті мәселелер бойынша тегін кәсіби кеңес алды.