Білім мен ғылым – кез келген мемлекеттің стратегиялық дамуының өзегі. Осы бағытта оқушылардың ғылыми әлеуетін дамытуға, олардың зерттеушілік қабілеттерін қолдауға және дарынды жастарды ынталандыруға бағытталған республикалық деңгейдегі маңызды шаралардың бірі — «KERUEN SCIENCE» олимпиадасы болып табылады.
Аталған республикалық олимпиада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Мақсаты — дарынды оқушыларды анықтау, қолдау көрсету және олардың ғылыми танымын жетілдіру.
Олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен 5–9 сынып оқушылары қатысып, түрлі пәндер бойынша білімдерін сынға салды. Жаратылыстану-математика бағытындағы бұл додада оқушылар тек теориялық білімдерін ғана емес, сонымен қатар зерттеу қабілеттерін, логикалық ойлау дағдыларын және ғылыми тәсілдерді меңгеру деңгейін көрсетті.
Шымкент қаласының атынан білім бәйгесіне қатысқан Seitzhan School оқушылары өздерінің терең білімдері мен табандылығының арқасында республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Әлі Ақмаржан, 7-сынып оқушысы — Химия пәні бойынша КҮМІС МЕДАЛЬ иегері атанды. Ақмаржанның химия саласына деген қызығушылығы мен ғылыми бағыттағы табандылығы оның нәтижесінде айқын көрініс тапты. Олимпиада барысында ол күрделі химиялық есептерді шешіп, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білді.
Әлібек Айша және Абдуразах Айдана, биология пәні бойынша ерекше дайындық көрсетіп, «Ерекше жетістік» номинациясы бойынша марапатталды. Бұл марапат – олардың пәнге деген қызығушылығы мен ізденісін, білімге деген талпынысын айқын танытатын көрсеткіш.
Seitzhan School ұжымы үшін бұл жеңіс — ұжымдық еңбектің, ұстаздар мен ата-аналардың бірлескен қолдауының және оқушылардың жеке жауапкершілігінің нәтижесі. Жоғары деңгейде көрсетілген бұл жетістік білім беру сапасының, оқу үдерісінің заманауи талаптарға сай жүргізіліп жатқандығын да дәлелдейді.
Айта кету керек, олимпиадаға қатысу барысында оқушылар пәндік біліммен қатар, ғылыми жобаларды қорғау, өз ойларын дәлелді жеткізу, жаңаша көзқарас қалыптастыру, сыни ойлау және шығармашылық тұрғыда жұмыс істеу сияқты дағдыларды дамыту мүмкіндігіне ие болды. Бұл тәжірибе олардың алдағы ғылыми ізденістеріне берік негіз болмақ.
Шымкент қаласы білім басқармасы мен Seitzhan School әкімшілігі дарынды оқушыларды білім жолындағы табыстарымен құттықтап, оларға алдағы уақытта да жаңа белестер мен жарқын жетістіктер тіледі. Сондай-ақ, білім мен ғылымды терең меңгеруге, жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған мүмкіндіктерге белсенді қатысуға шақырады.
Жас ғалымдардың жетістігі – болашаққа деген сенімді нығайтады. Seitzhan School оқушыларының республикалық деңгейдегі бұл табысы өзге білім алушыларға да үлгі болып, білімге құштарлықты арттыра түседі деген сенімдеміз.
