Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ғылым мен жоғары білім саласындағы кадрларды даярлау бағытында тағы бір маңызды қадам жасалды. Атап айтқанда, университет қабырғасында 8D015 – Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтерді даярлау бағыты, нақтырақ айтқанда D013 – Химия педагогтерін даярлау білім беру бағдарламасы бойынша кезекті диссертациялық кеңес ашылды.
Аталған диссертациялық кеңес Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының 2025 жылғы 29 шілдедегі № 1310 бұйрығына сәйкес құрылды. Бұл шешім еліміздің жоғары білім және ғылым саласын дамыту, соның ішінде ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру мақсатында қабылданған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Диссертациялық кеңестің ашылуы университеттің ғылыми әлеуетінің артып келе жатқанын, жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларының сапасы мен мазмұны халықаралық талаптарға сай жетілдіріліп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл университет жанындағы докторантура бағдарламалары бойынша білім алып жүрген жас зерттеушілер үшін өз ғылыми жұмыстарын қорғауға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жаңа кеңес педагогика және жаратылыстану ғылымдары саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген докторанттарға өз зерттеулерін сапалы деңгейде ұсынып, қорғау мүмкіндігін береді. Бұл өз кезегінде білікті педагог-зерттеушілерді даярлауға, химия пәнінің заманауи әдістемесін жетілдіруге және жаратылыстану ғылымдары саласында жаңа ғылыми нәтижелердің қалыптасуына ықпал етеді.
ZHANIBEKOV UNIVERSITY соңғы жылдары педагогикалық бағыттағы кадрларды даярлауда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде. Университет қабырғасында ашылған диссертациялық кеңестер мен ғылыми зертханалар, ғылыми журналдар мен халықаралық серіктестіктер — осы бағыттағы жүйелі жұмыстың айғағы.
Университет басшылығының мәліметінше, диссертациялық кеңес құрамына ғылыми дәрежесі бар, салада тәжірибесі мол жетекші ғалымдар енген. Кеңестің қызметі ашықтық пен әділеттілік принциптеріне негізделеді. Қорғауға ұсынылатын диссертациялар ғылыми жаңалықты, теориялық және практикалық маңыздылықты, сондай-ақ зерттеу әдістерінің заманауи талаптарға сәйкестігін ескере отырып бағаланады.
Бұл бастама университеттің стратегиялық даму жоспарына сай жүзеге асырылып отыр. Алдағы уақытта басқа да педагогикалық бағыттар бойынша диссертациялық кеңестер ашу, ғылыми-зерттеу орталықтарының әлеуетін арттыру жоспарлануда.
Аталған кеңестің ашылуы өңірлік ғылыми қауымдастық үшін ғана емес, жалпы Қазақстандағы педагогикалық ғылымдардың дамуына оң ықпалын тигізеді деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл еліміздің білім беру саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етудің тиімді тетігі болмақ.
