Ақпарат Қоғам

БАСТЫ МАҚСАТ – БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МАМАН ДАЯРЛАУ Оның басты тетігі – материалдық-техникалық базаның нығайту

Бүгінде техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) ұйымдары мен жатақханалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту мен нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдардағы Қазақстан халқына Жолдауларында, Үкіметтің кеңейтілген мәжілістерінде де айтылып жүр. Президент былтыр «Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Инженер-өнеркәсіпшілердің жаңа буынын тәрбиелеу керек», – деп, жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамти отырып, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды тапсырған еді.

Биыл Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылады, еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс», – деп түйіндеген еді.
Материалдық-техникалық базаның нығаюы студенттердің әлемдік стандарттарға сай білім алуына жол ашады. Ал, бұл процестерді қаржыландырудың негізгі көздерінің бірі – мемлекет қазынасынан бөлек, жергілікті бюджет, сондай-ақ жұмыс берушілер мен инвесторлардың қолдауы. Мәселен жергілікті бюджет қаражаты ағымдағы қажеттіліктерге ғана емес, ғимараттарды, зертханаларды, оқу аудиторияларын жаңартуға, жаңа оқу және тұрғын үй ғимараттарын салуға жұмсау маңызды. Жергілікті бюджет есебінен жасалатын негізгі жұмыстарға – ғимараттарды жөндеу және қайта құрылымдау (терезелерді, шатырды, жылыту жүйелерін ауыстыру, электр және су жүйелерін модернизациялау); оқу зертханалары мен шеберханаларына заманауи жабдықтар сатып алу; студенттер үшін жаңа жатақханалар салу және олардың жағдайын жақсарту кіреді.
Шымкентте жергілікті билік органдары білім беру ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, инфрақұрылымды жаңарту үшін қажетті қаржыны дер кезінде жоспарлап, есепке алып отыр. Қазіргі таңда бұл бағытта бірнеше нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр.


2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануына орай қаладағы 25 колледждің базасын нығайту жоспарланған. Олардың қатарынада Индустриалды-техникалық колледжі, Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі, Политехникалық колледж, Жол-көлік колледжі, М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі, Саз колледжі, аграрлық-техникалық колледж, Энергетика және байланыс колледжі, Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі бар. Сондай-ақ, былтыр Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің студенттері үшін 95 орындық жатақхана салынса, биыл арнаулы мемлекеттік қор қаржысы есебінен Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінде 300 орындық жатақхана құрылысы жүріп жатыр.
Білім сапасын арттырып, тәжірибемен ұштастыруда жұмыс берушілер маңызды рөл атқарады. Олар оқу орындарындағы жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ студенттер үшін өндірістік оқу мен тәжірибе ұйымдастыруға қаржылай қолдау көрсетіп жатады. Мұндай ынтымақтастық шаралары оқу орындарының материалдық базасын жақсартумен қатар, студенттерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инвесторлар да білім ұйымдарының материалдық базасын жаңартуға өз үлестерін қосып, жаңа ғимарат пен жатақхана салу, барлық объектілерді модернизациялау және қайта құру, заманауи технологиялар мен жабдықтарды енгізу бағытында инвестиция салуы мүмкін. Инвесторлардың мұндай қолдау оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.


Мегаполисте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. 2024-2025 оқу жылында Шымкенттегі 40 кәсіптік-техникалық білім ұйымдарынан 15 мыңнан аса түлек шықты. Алдағы жылдары да техникалық-материалдық базасы мықты білім ордасында оқыған студенттер арасынан білікті, бәсекеге қабілетті мамандар шығып, жаңа буын еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосатынына сенім мол.

Қатысты жаңалықтар

САРЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ БОЙЫНША СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТКІЗІЛДІ

bastynews

КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ:ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

bastynews

КЛУБ МҮШЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

bastynews