М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жаңашыл педагогтердің V Халықаралық форумы табысты өткізілді. Ауқымды іс-шара «Заманауи білім беру: сын-қатерлер, трендтер мен стратегиялар» тақырыбында ұйымдастырылып, білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен даму бағыттарын талқылауға арналды. Форумға Қазақстанмен қатар, Ресей, Қытай, Қырғызстан және Украина мемлекеттерінің жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, колледж оқытушылары, мектепке дейінгі тәрбиешілер, жалпы білім беретін мектептер, лицейлер мен гимназиялардың мұғалімдері белсене қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – педагогтердің шығармашылық әлеуетін дамыту, ғылыми-әдістемелік деңгейі мен оқыту сапасын арттыру, адами капиталды нығайту, сондай-ақ тұрақты даму контекстіндегі кәсіптік-педагогикалық білім беруді жаңғырту бойынша жаңа бағыттарды енгізу және жүзеге асыру болды.
Форумның салтанатты ашылу рәсімінде университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ернар Имангалиев қатысушыларды құттықтап, форум жұмысына табыс тіледі. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасындағы Іле педагогикалық университетінің профессоры, PhD доктор Гао Сун, Ресей инженерлік академиясының академигі, техника ғылымдарының кандидаты С.В. Грибков, Қырғыз Республикасы инженерлік академиясының академигі, т.ғ.к., профессор Д.А. Самбаева, сондай-ақ Шымкент қалалық білім басқармасы бөлімінің басшысы А. Джуватаев арнайы құттықтау сөз сөйлеп, қазіргі заманғы білім беру жүйесіндегі жаһандық трендтер мен ұлттық басымдықтарға тоқталды.
Форум аясында онлайн және офлайн форматта секциялық отырыстар ұйымдастырылып, отандық және шетелдік ғалымдар өздерінің пленарлық баяндамаларын ұсынды. Қатысушылар ашық дәрістерге, инновациялық жобалар презентацияларына, шеберлік сыныптарға, дөңгелек үстелдер мен тренингтерге белсене қатысты. Бұл шаралар білім беру сапасын арттыру мен педагогтердің кәсіби құзыреттілігін нығайтуға бағытталды.
Форум барысында Әуезов университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттерінің, сондай-ақ Шымкент қаласындағы мектеп оқушыларының ғылыми жетістіктер көрмесі ұйымдастырылды. Көрме аясында қатысушылар білім беру саласындағы инновациялық ізденістер мен жобалармен танысып, тәжірибе алмасты.
Форумның мазмұнды бағдарламасы аясында элиталық білім беру, жасанды интеллектінің білім беру жүйесіне ықпалы, инновациялық, ақпараттық және денсаулықты сақтау бағытындағы оқытудың қазақстандық моделі сияқты өзекті тақырыптар кеңінен қамтылды.
