2025 жылдың шілде айында Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласындағы Әзербайжан Мемлекеттік Мұнай және Өнеркәсіп университетінде халықаралық деңгейдегі маңызды ғылыми іс-шара өтті. «Химиялық технология мен тұрақты дамудың заманауи сын-тегеуріндері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция техника ғылымдарының докторы, профессор Уйлесбек Бестерековтің ғылыми мұрасына арналған.
Конференцияға Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан мемлекеттерінен жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Олар химия, экология және тұрақты даму бағыттарындағы ғылыми зерттеулердің жаңа жетістіктерін таныстырып, саланың болашағы жөнінде пікір алмасты.
Пленарлық отырыстар мен секциялық мәжілістерде төмендегідей өзекті тақырыптар қозғалды:
- Орталық Азиядағы мұнай өңдеу саласының даму келешегі;
- Ауыр металдарды анықтауға арналған заманауи оптикалық сенсорлар жүйесі;
- Су сапасын жақсарту мен тазарту технологияларындағы инновациялар;
- Табиғи полимерлер негізіндегі экологиялық биосорбенттерді қолдану мүмкіндіктері;
- Қазба байлықтарды тиімді әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз өңдеу әдістері.
Конференция аясында профессор У.Б. Бестерековтың ғылымға қосқан үлесі мен мол мұрасы кеңінен талқыланды. Оның ғылыми еңбектері химиялық технология, аналитикалық химия, экологиялық қауіпсіздік және өндірістік процестерді оңтайландыру салаларында іргелі бағыттарға жол ашқан. Профессордың жетекшілігімен орындалған ғылыми жобалар мен жарияланған еңбектер Орталық Азия аймағындағы химия ғылымының дамуына зор ықпал етті.
Шара барысында профессордың әріптестері, шәкірттері мен ғылыми қауымдастық өкілдері Уйлесбек Бестерековтың ғылыми-зерттеу саласындағы табандылығын, білімге деген адалдығы мен жас ғалымдарды қолдаудағы өнегелі қызметін ерекше атап өтті.
Бұл конференция – ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастықты дамытудың ғана емес, сонымен қатар көрнекті ғалымға құрмет білдірудің бірегей алаңына айналды. Басты мақсат – профессор Бестерековтың идеяларын жалғастырушы жаңа буын зерттеушілерді ынталандыру, ғылыми ізденістерді қолдау және халықаралық әріптестікті нығайту болды.
Шара қорытындысында қатысушылар ғылыми-техникалық интеграцияны одан әрі дамыту, бірлескен зерттеулер мен жобалар жүргізу, сондай-ақ жас ғалымдарды қолдау бойынша ортақ келісімдерге келді.
