Жазғы демалыс кезеңінде еліміздің барлық өңірінде «Балақайлар мектебі» қысқа мерзімді бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бұл бастама бірінші сыныпқа аяқ басқалы тұрған балалардың бастапқы білім алу мүмкіндіктерін теңестіруге бағытталған. Бағдарлама ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен қолға алынып, биыл екінші жыл қатарынан іске асырылуда.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі мен бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ете отырып, балалардың мектепке бейімделуін жеңілдету. Бағдарлама Мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандартына сәйкес әзірленген және мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылмаған балалар үшін қолжетімді әрі тиімді дайындық алаңы ретінде қызмет атқарады.
«Балақайлар мектебі» бағдарламасы балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін үлгілік оқу бағдарламасының барлық бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, физикалық, зияткерлік, коммуникативтік, шығармашылық, әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларды қалыптастыруға және дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бұл курстар балаларда мектепке деген оң көзқарас қалыптастырып, оқу үрдісіне деген қызығушылығын арттырады.
Сабақтар бір айлық оқу кезеңіне есептелген. Күн сайын 30 минуттық бірнеше сабақ өткізіліп, араларында 10 минуттық үзілістер жасалады. Балалармен бастауыш сыныптың тәжірибелі мұғалімдері және мектепалды даярлық педагогтері жұмыс істейді.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сәйкес, жаздың алғашқы екі айында «Балақайлар мектебі» бағдарламасы аясында шамамен 25 мың бала қамтылды. Бұл – қысқа мерзім ішінде үлкен жетістік. Тамыз айында қосымша 5,3 мың топ құру жоспарланып отыр, бұл өз кезегінде тағы 65,2 мың баланың мектепалды даярлықпен қамтылуына мүмкіндік береді. Осылайша, 2025 жылдың жазғы маусымында аталмыш бағдарлама бойынша жалпы 90 мыңға жуық бала қамтылады деп күтілуде.
Бағдарлама әсіресе балабақшаға бармаған балалар үшін маңызды. Оларға білім беру жүйесіне сәтті бейімделуге және мектеп өміріне дайындалуға қосымша мүмкіндік жасалады. Бұл – тең білім беру қағидатын жүзеге асырудағы нақты қадамдардың бірі.
Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамованың айтуынша, «Балақайлар мектебі» балалардың оқуға деген қызығушылығын оятумен қатар, олардың әлеуетін ерте кезеңде анықтауға да мүмкіндік береді. «Бағдарлама арқылы біз балалардың әлеуетін дамытуға ықпал етеміз. Бұл – олардың алдағы оқу жылындағы жетістіктеріне негіз болады», – деді ол.
«Балақайлар мектебі» – мемлекет тарапынан балалардың сапалы білім алуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды әлеуметтік бастама. Бағдарламаның кең көлемде жүзеге асырылуы бірінші сыныпқа қадам басқалы отырған балалардың жан-жақты дайындалуына және мектеп өміріне сенімділікпен енуіне жағдай жасап отыр.