Ақпарат

«ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ» ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫ МЕН «ҚАРАМОЛА ЕРЕЖЕСІНІҢ» 140 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ МОНОГРАФИЯНЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРДЫ

2025 жылы М.Әуезов атындағы ОҚЗУ жанындағы «Тарих және этнология» ғылыми орталығы қазақ халқының рухани және құқықтық мұраларын зерттеу бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын табысты жүзеге асырды. Мерейлі тарихи даталарға – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 180 жылдығы мен «Қарамола ережесінің» 140 жылдығына орай, орталық тарапынан маңызды ғылыми еңбек жарық көрді.

Ғылыми орталықтың жетекшісі, докторант, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Шаңырақ» РҚБ және ҚР ЖОО қауымдастығының мүшесі Шолпан Торғаутова 2025 жылы «Почетный казах – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы: «Положение Қарамола» 1885 год (перевод и научный анализ)» атты көлемді ғылыми монографиясын жариялады. Бұл еңбек – Абайдың құқықтық көзқарастары мен 1885 жылы Қарамола съезінде қабылданған қазақ әдет-ғұрып заңдарының тарихи мәнін терең зерттеген ғылыми еңбек болып табылады.

Монографияда «Қарамола ережесінің» тарихи, құқықтық және мәдени тұрғыдан маңыздылығы ғылыми талдау арқылы ашып көрсетілген. Зерттеуде ереженің Абай Құнанбайұлының қатысуымен қалай қабылданғаны, оның мәтіндік құрылымы, мазмұны және заманауи құқық жүйесіне ықпалы жан-жақты қарастырылған. Сондай-ақ, еңбекте орыс тіліндегі түпнұсқа мәтіннің аудармасы беріліп, оған ғылыми түсініктемелер мен талдаулар қосылған.

Аталған монография – қазақ халқының құқықтық ойлау жүйесін зерттеуге арналған маңызды ғылыми дереккөзі болып саналады. Ол Абай мұрасын құқықтық-мәдени тұрғыдан қайта қарауға, тарихи құжаттардың ғылыми айналымға енуіне және ұлттық таным мен дәстүрлі құқықтық санаға қатысты тың көзқарастар ұсынуға мүмкіндік береді.

«Тарих және этнология» ғылыми орталығы бұл еңбекті шығара отырып, отандық ғылымда сирек кездесетін, құқықтық этнология мен тарихи таным салаларын ұштастыратын кешенді зерттеуді оқырман назарына ұсынды. Монография Қазақстандағы гуманитарлық ғылымдардың дамуына, Абай мұрасын жаңа қырынан зерделеуге және болашақ зерттеушілер үшін бағалы әдістемелік негіз қалыптастыруға елеулі үлес қосты.

Бұл бастама – М.Әуезов атындағы ОҚЗУ ғылыми әлеуетін арттыруға, ұлттық рухани мұраны заманауи ғылым тілімен қайта пайымдауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Университет ұжымы мен ғылыми қауымдастық Шолпан Торғаутованың бұл еңбегін ғылым мен білім жолындағы елеулі жетістік ретінде жоғары бағалады.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖОСПАРЫ: 121 ЖОБАНЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

bastynews

Мұғалімдерді «ханым» және «мырза» деп атау ұсынылды

Bastynews

ДРОПТАР ЖӘНЕ ОНЫҢ БЕЛГІЛЕРІ: ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ

bastynews