Ақпарат Қоғам

Досың қандай болса, сен де сондайсың

Көп векторлы саясат деп күпінеміз ғой көп жағдайда. Бірақ шындығында бізден тараған векторлардың ішіндегі аса салмақтысы Ресейге қарай бағытталған. Бұл біреуге ұнар, біреуге ұнамас (демократия, ше), мәселе онда емес. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін атап өтті. Дегенмен бұл дипломатияда ең көп айтылатын тезис екеніне де дау жоқ. Бірақ жұрттың бәріне бірдей жағу тағы мүмкін емес. Таңдайтын кездің келіп қалғанын геосаяси кикілжіңдер аңғартып отыр. Құдайы көршіміз өзіне жақпағанның бәрін жау деп қабылдайтын деңгейге жетті. Бауыры Украинаға тарпа бас салғаны анау, енді өз ішіндегі қарсы болғанның бәрін шетел агенті деп қырып барады.

Ресейлік Коммерсант.ру сайтында өте қызық материал жарық көрді. Қысқаша айтсам Батыс пен Ресей арасындағы санкциялар соғысына ат салысқан елдердің бәрі «жаулар» тізімен енгізіліп, керісінше екі жақты экономикалық байланыстарды нығайта түскендер достар тізіміне енгізіліпті.

Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші бойынша «достар» тізіміндегі ең дәулетті ел біз. Әрине экономикалық потенциалы жоғары Бразилия, Үндістан, Иран, Оңтүстік Африка Республикасы сияқты мемлекеттер де бар тізімде. Бірақ сол бәріміз жабылып отырып, әлемдік ішкі жалпы өнімнің тек 15 пайызын береді екенбіз.

Ал біздің досымыздың «жаулары» болса, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын жасап отыр. Еліміздің алдындағы ірі міндеттің бірі ең дамыған отыздың қатарына кіру болса, сол отыздың барлығы дерлік орыс «жауларының» ішінде. Шүкір, әзірге олармен сәлеміміз түзу, алыс-берісіміз жақсы. Ал, бірақ таңдайтын кез туса ше? Менің досымның «жауы» маған да «жау» ма? Қалай болады өзі?

Ресей біздің ЕАЭО, ҰКШҰ, ШҰҰ, ТМД секілді ұйымдар аясындағы иық тірескен серіктесіміз. Ал құдайы көршілігінен қашып құтылу тіпті мүмкін емес. Экономикалық Одаққа қосылар тұста, істің басы-қасында жүргендер біздегі бизнеске серпін уәде еткен еді. Мойындау керек бастапқы бір-екі (мүмкін, бес-алты) жылда ойсырай жеңілуіміз мүмкін екені де жоққа шығарылмады. Енді содан бергі жылдардың қорытындысына назар салайық.

Одақ аясында біздің негізгі сауда-серіктесіміз Ресей. Биыл, қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанмен Одақтың басқа мүшелері арасындағы тауар айналымы 12 млрд 120 млн доллардан асқан болса, оның 90 пайызы, яғни 11 млрд 138 млн доллары Ресейдің үлесінде. Енді бұл соманың тек 30 пайызы біздің орыстарға сатқанымыз болса, 70 пайызы сатып алғанымыз.

Ал жалпы әлеммен арадағы тауар айналымының ақшалай көрсеткіші биылғы тоғыз айда 43 млрд 350 млн доллардан асты. Демек біздің көпвекторлы саясат ұстайтын ретіміз де бар. Негізгі табыс әзірге ЕАЭО-тан (Ресей деп оқи беруге де болады) емес басқа елдерден түсіп отыр. Өйткені бұл жақта экспорт пен импорттың ара-жігі сәйкесінше 67 және 33 пайыз. Қарапайым тілмен айтқанда, бізге әлемнің өзге елдерімен, бізден тауар (көп жағдайда шикізат) алып, ақша төлеп отырған елдермен жүз шайысуға әсте болмайды.

Негізі қырғи-қабақтықтың орыс халқына да түкке қажеті жоқ. Осы күнге дейін елге келген инвестициялардың басым бөлігі «жаулардың» үлесінде. Бізде де дәл сондай жағдай. Алыс-беріс, сауда-саттық жақсы дамығанмен Ресей Қазақстанға тікелей қаржылық инвестиция құйып, қарық қылғаны шамалы. Бірақ іргеңдегі елдің аман болғаны, жағдайы жақсы болғаны қажет-ақ. Әйтпесе алып құласа, маңайындағыларды басып қалуы әбден мүмкін.

Қазақстан мен Ресейдің ұқсас тұстары көп. Тек сыртқы саясатта ғана айырмашылық бар. Досымыз андай болғанмен, біз ондай емеспіз. Ондай болуға, шындап келгенде дәрменіміз де жетпейді. Сонда не істеу керек? Шыдамдылықтың үлгісі болып, отыра берейін десең, ертең көп досымыздың біреуі «Ал таңда десе» қайтеміз? Сіз қайтер едіңіз?

Маралбек Сағынғанов

Қатысты жаңалықтар

Кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықты

Bastynews

ХАБАРЛАНДЫРУ!

bastynews

ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСЫП, ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАДЫ

bastynews