Шымкент университетінде Өзбекстан Республикасы Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің ресми делегациясымен кездесу өтті. Бұл кездесу екіжақты ғылыми-академиялық ынтымақтастықты нығайту және жаңа сапалы білім беру мүмкіндіктерін ашу мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі нәтижесі ретінде «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» және «Музыкалық білім» білім беру бағдарламалары бойынша қосдипломды білім беру бағдарламасын іске қосу туралы келісім жасалды. Осы бастама аясында екі жоғары оқу орны студенттерге бір уақытта екі елдің дипломын алу мүмкіндігін беретін ортақ оқу жоспарын әзірледі.
Жаңа бағдарлама 2026–2027 оқу жылынан бастап жүзеге асырылады. Бұл студенттерге Қазақстан мен Өзбекстанның білім стандарттарына сай білім алып, екі елдің де еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман атануға жол ашады. Қосдипломды білім беру аясында студенттер оқу үрдісінің бір бөлігін шетелдік серіктес университетте өткізіп, халықаралық тәжірибе жинайды. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми жобаларға қатысу, тәжірибе алмасу және кәсіби байланыс орнату мүмкіндігіне ие болады.
Шымкент университеті мен Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті арасындағы бұл серіктестік білім беру саласындағы интеграциялық үрдістердің нақты көрінісі болып табылады. Жоғары оқу орындары арасындағы өзара түсіністік пен сенімді қарым-қатынастың нәтижесінде студенттер үшін жаңа академиялық көкжиектер ашылды.
Кездесу барысында қосдипломды бағдарламаның құрылымы, оқу жоспары, пәндер сәйкестігі және академиялық алмасу тәртібі егжей-тегжейлі талқыланды. Екі тарап та білім беру сапасын қамтамасыз ету, оқу үдерісін үйлестіру және түлектердің халықаралық деңгейде мойындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды.
Шымкент университеті халықаралық әріптестікті кеңейту арқылы студенттер мен оқытушыларға жаңа мүмкіндіктер ашуға, білім беру үдерісін жаңғыртуға және әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялануға ұмтылуда. Қосдипломды бағдарлама осы мақсаттағы нақты әрі тиімді қадамдардың бірі болды.
Университет басшылығы болашақта да халықаралық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты жалғастырып, қосдипломды бағдарламалар санын арттыруға ниетті. Бұл Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін дамыту мен халықаралық деңгейде мойындалған мамандарды даярлау ісіне қосылған маңызды үлес болмақ.
