Түркістан облысы әкімдігінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, аудан және қала әкімдіктерінің, сондай-ақ басқармалар қызметінің тиімділігін рейтингтік бағалау мәселелері қаралған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында 2024 жылдың тоғыз айында орындалған жұмыстар сараланып, негізгі салалар бойынша көрсеткіштер егжей-тегжейлі талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәжіліс барысында бірқатар әкімдер мен басқарма басшыларына индикаторларды толық орындай алмағаны үшін сын айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, өңірдегі экономикалық өсім оң динамика көрсеткенімен, жоспарды орындауда артта қалған құрылымдар бар.
– Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша облыстың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 114,8 пайызды құрады. Бұл – республика бойынша 2-орын, – деді облыс әкімі. – Мемлекет басшысы жүктеген 7 пайыздық межені облыс толық орындады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 855,4 млрд теңгеге жетіп, 101,5 пайыздық өсім көрсетсе, өнеркәсіп көлемі 1,2 трлн теңгеге жетіп, 13,5 пайызға артты. Құрылыс көлемі де 412 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 25,5 пайызға өсті. Сауда мен байланыс саласында да өсім бар. Дегенмен, кейбір аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар көрсетілген индикаторларды орындай алмай отыр. Бұл өңірдің даму қарқынына кері әсер етеді.
Нұралхан Көшеров жиын қорытындысында әкімдерге нақты тапсырмалар беріп, жыл соңында рейтингтік бағалау нәтижелері бойынша соңғы орындарда қалған мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты тиісті шешімдер қабылданатынын атап өтті.
Мәжіліс барысында Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбеков 9 ай бойынша жасалған талдауды таныстырды. Жүйелі бағалау 9 блокқа біріктірілген 97 индикатор бойынша жүргізілген. Сонымен бірге басқармалардың ұсынысы негізінде қосымша 8 индикатор енгізілген.
Талдау нәтижесінде аудан-қала әкімдіктерінің рейтингінде Төлеби ауданы, Түркістан қаласы және Жетісай ауданы алғашқы үштіктен көрінді. Ал көрсеткіші төмен аудандар қатарында Мақтаарал, Бәйдібек және Келес аудандары бар. Алты айлық мерзіммен салыстырғанда Төлеби, Жетісай, Сарыағаш аудандары өз нәтижелерін жақсартқан.
Басқармалар арасындағы көрсеткіштерге тоқталсақ, Ветеринария басқармасы, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы үздік нәтиже көрсеткен.
Облыс басшылығы жыл соңына дейін көрсеткіштерді жақсарту, кемшілік кеткен салаларда жұмысты күшейту, нақты нәтижеге бағытталу қажеттігін қадап айтты.
