Жаңалықтар

МЕКТЕП АСХАНАЛАРЫНДА ЧЕБУРЕК ПЕН ГАМБУРГЕРДІ САТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

2025 жылғы 24 шілдеде өткен Үкімет брифингінде Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев еліміздегі мектеп асханаларында енгізіліп жатқан жаңа тағам стандарттары туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан мектептерінде 1,7 миллионға жуық бала тегін ыстық тамақпен қамтылған, олардың ішінде 99 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санатқа жататын оқушылар. Мемлекет тарапынан осындай ауқымды қамқорлықпен қатар, оқушылардың тамақтану сапасы мен қауіпсіздігін арттыру – басты назарда. Осыған орай, жаңа тағамдық стандарттар енгізіліп, олардың құрамына қатаң талаптар қойылып отыр. Атап айтқанда, енді мектеп ас мәзірінде көкөніс пен пайдалы тағамдардың үлесі артып, керісінше қант пен тұздың мөлшері айтарлықтай азайтылады. Ермек Көшербаевтың айтуынша, «Жаңа стандартқа сәйкес, балалардың күнделікті тұтынатын тағамдарындағы қант мөлшері азайтылып, зиянды өнімдер толық алынып тасталды».

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – мектеп жасындағы балалардың денсаулығын сақтау, артық салмақ пен созылмалы аурулардың алдын алу, сондай-ақ салауатты өмір салтына баулу болып табылады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл стандарттардың 2024 жылғы 30 желтоқсанда Білім министрлігімен бірлесіп бекітілгенін және олардың шеңберінде дайын тағамдардағы қант мөлшері 3,5 есеге, ал тұз мөлшері 2–2,5 есеге азайтылғанын нақтылады. Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңа оқу жылы басталған сәттен бастап мектеп асханаларында фастфуд өнімдері – соның ішінде гамбургер, чебурек, донер және осыған ұқсас тез дайындалатын, калориясы жоғары, ағзаға зиян көмірсуға бай тағамдар сатуға қатаң тыйым салынады.

2025 жылғы 9 маусымда Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жаңа мәзірдің мазмұны балалардың физиологиялық ерекшеліктеріне, жас санаттарына, маусымдық сипатқа және калориялық қажеттіліктеріне негізделіп жасалғанын мәлімдеді.

Мемлекет тарапынан қолға алынған бұл реформа – тек ас мәзірін өзгерту ғана емес, балалардың денсаулығына деген жан-жақты қамқорлықтың нақты көрінісі. Бұл бастама арқылы оқушыларға тек пайдалы тағам беру ғана емес, олардың бойында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, зиянды өнімдерден аулақ болуға үйрету көзделген. Сонымен қатар, бұл өзгерістерге қоғам тарапынан түсіністікпен қарап, қолдау көрсету маңызды. Себебі бүгінгі жас ұрпақтың саулығы – елдің ертеңгі тірегі.

Қатысты жаңалықтар

АКИМ ШЫМКЕНТА СДЕЛАЛ СВОЙ ВЫБОР НА ВЫБОРАХ

Bastynews

Заманауи технологиялар жол апатын азайтуға көмектеседі

bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АСА АУЫР ҚЫЛМЫС САНЫ АЗАЙҒАН

Bastynews