Ақпарат Жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТУ – БАСЫМ БАҒЫТТАРДЫҢ БІРІ

Шымкент қаласында білім беру саласын қолдау мен оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, жалпы білім беретін мектеп оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту мәселесі қала әкімдігінің тұрақты бақылауында тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысы және Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы №1524 қаулысының негізінде жүзеге асырылып келеді.

2025 жылы Шымкент қаласындағы 1–11 сыныптарда білім алатын 132 392 оқушыны (жалпы оқушы санының 48,6%-ы) ыстық тамақпен қамту үшін бюджеттен 12,3 млрд теңге бөлінді. Ай сайын осы мақсатқа бөлінетін қаржы көлемі – 93 234,0 мың теңгені құрайды. Бұл – білім беру сапасына тікелей әсер ететін, оқушылардың денсаулығы мен оқу үлгерімін қолдауға бағытталған маңызды инвестиция.

Қамтылған оқушылардың санатына қарай бөлінген қаржы көлемі келесідей:

1–4 сыныптардағы оқушыларға (100 425 бала)9,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл бастауыш сынып оқушыларының барлығын тегін және сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ерте жастағы балалардың физикалық және интеллектуалдық дамуы үшін дұрыс тамақтану ерекше маңызға ие.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 5–11 сынып оқушыларына (31 967 бала)3,2 млрд теңге бөлінді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын немесе әлеуметтік осал топтарға жататын бұл балалар мемлекет тарапынан тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.

Мектеп асханаларында берілетін тағамдар күнделікті калориялық, санитарлық-гигиеналық және дәрумендік талаптарға толық сай болуы – басты назарда. Тамақтану сапасына бақылау жүргізу мақсатында ата-аналар комитеттері, мектеп әкімшілігі және арнайы құрылған комиссиялар белсенді жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, денсаулық сақтау және білім саласындағы уәкілетті органдардың келісімімен мәзір бекітіледі.

Бұл бастама тек әлеуметтік қолдау шарасы ғана емес, жалпы білім берудің тиімділігіне ықпал ететін фактор. Себебі дұрыс және уақытылы тамақтанған оқушының сабаққа ынтасы артып, үлгерімі жақсарады, мектепке қатысу тұрақты болады. Бұл – мемлекет пен қоғамның келешек ұрпақтың денсаулығына, біліміне бейжай қарамайтынының айқын көрінісі.

Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық білім басқармасы тарапынан оқушыларды сапалы ыстық тамақпен қамту бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бүгінде мемлекеттік қолдаумен қатар, жекеменшік кәсіпкерлер мен тамақтандыру ұйымдары да осы бағытта серіктестік орнатуда.

Қала тұрғындары мен ата-аналардан кері байланыс алу үшін мектептерде тұрақты мониторинг топтары жұмыс істейді. Әр азаматтың пікіріне құлақ асу арқылы бұл жұмыстың сапасы мен тиімділігін арттыру – басты міндет.

Ыстық тамақпен қамтудың негізгі мақсаты – барлық оқушыларға тең мүмкіндік жасау, олардың денсаулығын сақтау, сапалы білім алуға қолдау көрсету және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету.

Қатысты жаңалықтар

ЖАРТЫ ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ЖӨНДЕЛМЕГЕН АҚЖАР СУ ҚОЙМАСЫНА РЕКОНСТРУКЦИЯ ЖАСАЛДЫ

bastynews

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИННОВАЦИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

bastynews

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ҰЖЫМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

bastynews