Ақпарат Қоғам

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ДАМУ ҮСТІНДЕ: 2025–2026 ОҚУ ЖЫЛЫНА 8000 ГРАНТТЫҚ ОРЫН БӨЛІНДІ

Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына сай бағытта дамуда. 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша қалада 40 колледжден тұратын тұрақты білім беру желісі қалыптасқан. Бұл оқу орындары өңірдегі білікті мамандар даярлау ісіне өз үлесін қосып келеді.

2025–2026 оқу жылына арналған қабылдау науқаны
Қазіргі таңда жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 8000 талапкерді мемлекеттік тапсырыс аясында қабылдау шаралары жүргізілуде. Бұл – жастардың тегін әрі сапалы білім алуға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам.

Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бөлінген 8000 гранттық орын келесі бағыттар бойынша қарастырылған:

  • Техникалық мамандықтар – 6 151 орын (76%)
  • Педагогикалық мамандықтар – 855 орын (11%)
  • Мәдениет және өнер саласы – 544 орын (7%)
  • Медициналық мамандықтар – 450 орын (6%)

Бұл бөлініс елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін аса қажетті салалардағы кадр тапшылығын азайтуға бағытталған.

Қазіргі таңда 3000-нан астам талапкерден өтініш қабылданды. Қабылдау науқаны жалғасуда, сондықтан техникалық және кәсіптік білім алуға ниетті жастарға өтініш беру мүмкіндігі әлі де ашық.

Жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі
2024–2025 оқу жылында Шымкент қаласындағы 29 колледждің жанынан 35 жатақхана жұмыс істеді. Оның ішінде:

  • 25 жатақхана – колледждердің меншігінде
  • 10 жатақхана – жалға алынған

Жалпы жобалық қуаттылығы 6 217 орын болатын бұл жатақханаларда 4 648 студент орналастырылды. Бұл – студенттерді тұрғылықты жермен қамтамасыз ету бойынша тұрақты және жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Колледждердегі жатақханаларда орын тапшылығы мәселесі жоқ, себебі білім алушылардың негізгі бөлігі Шымкент қаласының өзінен немесе қала маңындағы көлік қатынасы дамыған аудандардан келетін тұрғындар болып табылады. Жатақханаларда тұру құқығы ең алдымен әлеуметтік қолдауды қажет ететін санаттағы жастарға беріледі. Атап айтқанда:

  • ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • жетім балалар;
  • мүгедектігі бар жастар;
  • көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер.

Бұл тәсіл – мемлекет тарапынан әлеуметтік әділеттілікті сақтау, жастарға тең мүмкіндік беру және білім алу үдерісін барынша қолайлы ету жолындағы нақты қолдау.

Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі заман талаптарына сай жаңарып, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауға нақты бағыт алып отыр. Мемлекеттік тапсырыспен бөлінген 8000 грант – жастардың кәсіби жолға түсуіне жасалған үлкен мүмкіндік. Білім беру басқармасы барлық талапкерлерді колледждерге қабылдау үрдісіне белсенді қатысуға шақырады. Мемлекеттік грант негізінде білім алу – сапалы мамандыққа қол жеткізудің қолжетімді жолы.

Қатысты жаңалықтар

ҒАПЫЛДЫҚ ПЕН МАСЫЛДЫҚ

Bastynews

ОҚПУ МАГИСТРАНТЫ АХРОР ТОЛАМЕТОВ ОЙЛАП ТАПҚАН КЕНІШ РОБОТТАРЫ БОЛАШАҚ ӨНДІРІСТІҢ БАҒЫТЫН ӨЗГЕРТУДЕ

bastynews

Үш ауысымдағы мектептер мәселесі 2024 жылға дейін толық шешіледі

Bastynews