Соңғы жылдары мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мемлекет тарапынан біраз көмек көрсетіліп жатыр. Ел Президентінің тікелей тапсырмасымен «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы бекітілгені белгілі. Бұл жобаның басым бағыттарының бірі — қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою.
Шымкент қаласындағы мектептерді пәндік кабинеттермен жарақтандыру жұмыстары 2025 жылға арналған маңызды жобалардың бірі болып табылады. Бұл бастама білім сапасын арттыруға, оқушыларға сапалы әрі заман талабына сай білім алуға жағдай жасауға бағытталған.
Атап өтер болсақ, 2025 жылы қаладағы 121 мектептің 272 пәндік кабинетіне жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Бұл кабинеттердің құрамына 8 химия, 8 физика, 6 биология, 11 STEM (ғылым, технология, инженерия, математика), 10 робототехника және 229 басқа да пәндік кабинеттер кіреді. Осы мақсатта жалпы 714,2 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда аталған қаржыны тиімді және ашық жұмсау үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстарын бастауға қажетті құжаттамалар әзірленуде.
2025 жылдың ағымдағы кезеңінде жоспарланған 95 пәндік кабинеттен 42-сіне қаржы бөлініп, қажетті жабдықтар мен құралдар сатып алынып, орнату жұмыстары басталды. Ал қалған 52 кабинетке арналған қаржы бөлу мәселесі бюджетті қайта қарау барысында қаралатын болады. Бұл бағытта тиісті ұсыныстар дайындалып, бюджетке енгізу жоспарлануда.
Пәндік кабинеттерді жаңғырту білім беру процесін жетілдіруге, оқушылардың практикалық дағдыларын арттыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ынталандыруға мүмкіндік береді. STEM және робототехника бағытындағы кабинеттердің ашылуы жастарды инновациялық технологияларға баулу, техникалық және жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылықты ояту үшін ерекше маңызға ие.
Қала әкімдігі мен білім басқармасы мектептерді жабдықтау ісіне ерекше мән беруде. Барлық жұмыстар ашықтық пен тиімділік қағидаттары негізінде жүзеге асырылады. Бұл мектеп оқушыларының сапалы білім алуы үшін заманауи жағдай жасауға бағытталған жүйелі әрі жоспарлы жұмыс болып табылады.
Алдағы уақытта да пәндік кабинеттерді әрі қарай жаңғырту, мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен толықтыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Бұл — Шымкент қаласының білім беру саласындағы стратегиялық басымдықтарының бірі әрі жастардың болашағын сенімді қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастама.
Барша қала тұрғындары мен білім саласының қызметкерлерін осы маңызды жұмысқа қолдау білдіруге шақырамыз. Бірлесе атқарылған іс — білімді ұрпақ тәрбиелеудің кепілі.