Жаңалықтар Қоғам

СУ САЛАСЫ МАМАНДЫҚТАРЫНА ТҮСЕТІН ТҮЛЕКТЕРГЕ ГРАНТ САНЫ 70%-ҒА АРТТЫ

Су саласы мамандықтарына бөлінетін грант саны 70%-ға артты

Қазақстанда су саласына мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жаңа 2025–2026 оқу жылында гидрогеология, гидрология сынды пәнаралық бағыттарды қоспағанда, су саласына тиесілі негізгі мамандықтарға 1052 талапкерге мемлекеттік білім гранты бөлінеді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 70%-ға артық.

Гранттар «Су ресурстары және суды пайдалану», «Гидротехникалық құрылыс» және «Гидромелиорация» мамандықтары бойынша жеке-жеке бөлініп отыр. Бұл шешім Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп жүргізілген жұмыстардың нәтижесі.

Жанна Есінбаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
«Гидротехникалық құрылыс және гидромелиорация мамандықтарын жеке бөлек бөліп, гранттарды нақты бағыттар бойынша қарастыру — еңбек нарығындағы нақты сұранысқа сай жасалған шешім. Бұл — саланың жүйелі түрде дамуына ықпал етеді».

Сала мамандарын даярлауға қатысатын жоғары оқу орындарының саны да артуда. 2025 жылғы жаңа оқу жылынан бастап:

  • Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті алғаш рет «Гидромелиорация» мамандығы бойынша талапкерлерді қабылдайды;
  • Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде өткен жылдан бері 300-ден астам студент білім алуда. Биыл тағы осынша талапкерді қабылдау жоспарланған.

Ғалия Омарова, университет ректорының кеңесшісі:
«Біздің университетке берілген 260 гранттың барлығы су саласына тікелей қатысты. Бітірген түлектеріміз елдегі бассейндік инспекцияларға, жаңадан ашылып жатқан колледждерге және «Қазсушар» мекемесінің филиалдарына жұмысқа шақырылып жатыр».

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бағалауынша, қазіргі таңда 11 мыңнан астам маман су саласында еңбек етуде. Алайда, олардың бір бөлігі зейнет жасына жақындаған.

Дидар Жәнібекұлы, СРИМ адам ресурстарын басқару басқармасының басшысы:
«Жүргізілген талдауға сәйкес, алдағы бес жылда шамамен 2000 маман зейнетке шығады. Бұл сала үшін алаңдатарлық көрсеткіш».

Қорытындылай келе, су саласына бөлініп отырған грант көлемінің артуы – бұл саладағы кадр тапшылығының алдын алу мен жүйелі реформалардың нақты нәтижесі. Мемлекет тарапынан жасалып отырған бұл қолдаулар болашақта еліміздің су қауіпсіздігі мен аграрлық тұрақтылығы үшін маңызды рөл атқарады.

Қатысты жаңалықтар

МӘМС: ШЫМКЕНТТЕГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

bastynews

Кешенді шаралар қолға алынуда

Bastynews

ШЫМКЕНТТІК ЕРІКТІЛЕР ДӘРІГЕРЛЕРГЕ АЛҒЫС БІЛДІРДІ

Bastynews